$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Допинг дауына қатысты Ольга Шишигинаның пікірі: «Барлығы Ресейден басталып, бізге де таяқтың бір шеті тиіп отырған сияқты»

AstanaTV
16.06.2016ж. 20:00
1927
Допинг дауына қатысты Ольга Шишигинаның пікірі: «Барлығы Ресейден басталып, бізге де таяқтың бір шеті тиіп отырған сияқты»

Ауыр атлетикадан Лондон олимпиадасының чемпиондары алтын медальдарынан айырылуы мүмкін. Төрт бірдей чемпионымыздың ескі қан сынамаларынан допинг анықталды. Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло мен Майа Манеза Рио бәсекесінен шеттетілді. Спортқа жауапты шенеуніктердің барлығы допинг дауын шешуге араласты. Чемпиондар не дейді? Тілші материалында.

«Әлем бұл жетістікті кешірмейді» деген ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы Алексей Нидің екі ұшты сөзінің жұмбағы енді шешілген тәрізді. Лондон-2012 бәсекесіндегі төрт қазақстандық зілтеміршінің қанынан тыйым салынған препараттар анықталды деген жаңалық тез тарады. Бапкеріміздің бұндай сценарийді болжаған-болжамағанын анықтау мүмкін болмады. Абоненттің телефоны байланыс аясынан тыс. Дауға қатысты пікірін Илья Ильин әлеуметтік желіге ғана салып шектелді.

«Рио олимпиадасына дайындықты үзбей, соңына дейін баруға ниеттімін. Спортқа жауапты басшылық тұтас бұл процесске кірісті. Маусым айының соңында нәтиже белгілі болады. Олимпиадаға қатысуға өтініш беруге шілденің ортасына дейін уақыт бар. Айыптың барлығы құр жала екенін дәлелдеп шығу қолымыздан келеді деп ойлаймын».

Халықаралық комитеттің «қара тізімінде» Ильинмен бірге, әйелдер құрамасының үздіктері - Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло және Майа Манеза бар. Спортшыларымыздың қанынан спортта мүлдем тыйылған станозолол табылыпты. Бір кездері оны тіпті бәйге шабатын аттардың төзімін арттыру үшін қолданған көрінеді. Ол бұлшықетті өсіріп, ағзаның төзімін көтереді. Ильин мен Чиншанлоның сынамаларынан қосымша тағы бір-бір препараттан анықталған. Түсініксізі сол, технологиялары үнемі жітіліп отыратын әлемдік антидопинг тексерістері оларды неліктен төрт жыл бұрын анықтай алмаған. Ольга Шишигина заманауи зертханалардың өзінде адами фактор барын айтады.

Ольга Шишигина, Сидней-2000 олимпиадасының чемпионы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Сынамалардың барлығы ашылып, зерттеліп жатқан Кельн зертханасы ең мықты деген пікір қалыптасқан. Бірақ оған жүз пайыз кепілдік жоқ. Анализдердің оң нәтиже беруі өте жиі кездесіп жатады. Ол жерде барлығы стерильді дегенмен, адами факторды жоққа шыға алмаймыз. Лаборанттың бір қателігінен мүлдем басқаша нәтиже шығуы мүмкін. Қазір Ресеймен де бұл мәселе бойынша сөйлесеміз. Барлығы Ресейден басталып, бізге де таяқтың бір шеті тиіп отырған сияқты.

Ал еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі өз дегенінде тұруға бекінген. Спортшылардың шағымдарын Халықаралық олимпиада комитеті 27 маусым күні қарайды. Лондон төртжылдығы медальдарының тағдыры мен алдағы Рио бәсекесінің жайы сол күні шешіледі. Әзірге зілтеміршілерімізге жарыстарға шығуға ресми тыйым салынған.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Комитет шешімінен кейін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы үкім шығарады. Осыдан кейін ғана кімнің, қанша уақытқа спорттан қуылғаны туралы айтуға болар. Оған дейін ешкім баға бере алмайды. Біз спортшыларымызға барлық заңдық және моральді көмегімізді көрсетуге дайынбыз.

Ал дау біздің пайдамызға шешілмесе, Ресейлік зілтеміршілердің қоржыны үш бірдей алтынмен толығуы мүмкін. Оның ішінде ауыр атлетикадан жақында өткен Қазақстан біріншілігінде орын алған шуда есімі аталған Александр Иванов бар. Александр Седов ресейлік әріптесін «нағыз чемпион» деп шу шығарған болатын. Ал әзірге тек бір үміт бір күдікпен Халықарылық комитеттің шешімін күтеміз. Ал оған дейін спортшыларымыз жаттығуымызды тоқтатпауға бекінген. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ