$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Украина президенті Петр Порошенко Астанаға ресми сапармен келеді

AstanaTV
06.10.2015ж. 20:00
1383
Украина президенті Петр Порошенко Астанаға ресми сапармен келеді

Украина президенті Петр Порошенко Астанаға ресми сапармен келеді. Екі жақты кездесуде сауда-экономикалық қарым-қатынастар мен Минск келісімі талқыланбақ. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі мәлімет таратты.

Украина лидері елордаға 9 қазанда табан тірейді деп жоспарланған. Бұл оның  президент ретіндегі Астанаға алғашқы ресми сапары. Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко көмір өнеркәсібі, көлік-логистика және басқа да өндірістік салалар бойынша өзара қарым-қатынасты талқылайды деп күтілуде.

Еске салсақ, Киевте желтоқсан айында өткен кездесуде қос президент көмір тасымалы жөнінде келіскен. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Петр Порошенко халықаралық мәселелерге тоқталып, Минск келісімі жөнінде пікір алмасқан-ды. Айта кетерлігі, онда президент ресми Астананың Украинадағы даудың бейбіт реттелуін қолдайтынын жеткізген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті \22.12.2014 ж.түсірілім\:

Украинаның шығысы мен басқа да аймақтарында жағдай ушығып тұр. Оны бәріміз түсініп отырмыз. Мен өз тарапымнан мәселенің бейбіт әрі жедел түрде тұрақтанғанын қалаймын. Қазақстанның Еуропа, Ресей және Украинамен қарым-қатынасы достық сарында және тең дәрежеде. Мәселені бірлесе талқылап, себепсіз адам өлімінің алдын-алып, ортақ келісімге келе аламыз деген ойдамын.

Жұрағат БАМАН