Ресейдің
«Трансаэро» әуе компаниясы таяу арада өзін банкрот деп жариялауы мүмкін. Егер
компания Қазақстан нарығынан кетсе, Мәскеу бағытына қатынайтын әуе рейстеріне
билет құны күрт қымбаттайды. Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының
өкілі Денис Кривошеев осындай пікірде.
Денис
Кривошеев, Қазақстанның туристік агенттіктері қауымдастығының ресми өкілі:
Менің
ойымша, ресейлік «Аэрофлоттың» лоукостері, яғни төмен тарифті тасымалдаушылары,
нарығымызға енсе, жағдай түбегейлі өзгереді. Бұл әуе компаниясымен бәсекелес
болу мүмкін емес. Әлбетте, ондай жағдайда алдымен отандық тасымалдаушылар
зардап шегеді.
«Трансаэроның»
айналасындағы дауға қатысты түсінік берген компанияның Қазақстандағы өкілі мұны жоққа шығарды. Айтуынша, ресейлік
әуе компаниялары Қазақстан нарығынан кетпейді. Десе де «қордаланған қарыздар бар, берешек міндетті
түрде қайтарылады», деді ол. Ал бүгін «Росавиацияның» «Трансаэро» әуе
компаниясында кезектен тыс тексеру өткізгені жайлы мәлімет тарады. Ведомствоның
ресми сайтындағы ақпаратқа сай, «Трансаэро» тіпті қызметкерлерге еңбекақы
беруге дәрменсіз. Таяуда компания
билеттер сатылымын тоқтатқан, салдарынан 7 қазанға дейін 60 рейс ұшпайтын
болды.
Евгений
Бектаиров, «Трансаэро» әуе компаниясы Қазақстандағы бас өкілінің орынбасары:
Бұл
рейстер «Трансаэро» компаниясының шешіміміне сай ұшпайтын болды. Бірақ
жолаушылар өзге компаниялар арқылы діттеген жеріне жетеді. Банкроттық
процедурасы сотпен шешілетінін ескерсек, мұндай сот қаулысы жоқ. Компания
қазақстандық тасымалдаушылар алдындағы барлық міндеттемелерін орындайды.
Ресейлік әуе компаниялары Қазақстан нарығынан кетпейді.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА