$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатуды қарастыратын өзгеріс Сенатта мақұлданды

AstanaTV
08.10.2015ж. 20:00
1896
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатуды қарастыратын өзгеріс Сенатта мақұлданды

Аукцион арқылы жер сатып алған адам оны банкке кепілге қоя алады. Бұл жөнінде бүгін Ұлттық экономика министрі айтты. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатуды қарастыратын өзгеріс Сенатта мақұлданды. Жер кодексінің жаңа нұсқасын таныстырған министр телімдерді сатып алуда жеңілдік қарастырылғанын жеткізді. Жерді жалға алған адам оны сатып алғысы келсе, құнын жалдау мерзімі аяқталғанға дейін 10 жыл бойы бөліп төлей алады. Сондай-ақ, кадастрлық құнының 50 пайыз мөлшерінде айқындалатын жеңілдік бағамен сатып алуға мүмкіндігі бар. Шектеулер де алынып тасталмақ. «Яғни аукцион арқылы сатып алынған жерді банкке кепілге қоюға, жалға алу құқығын беретін мәмілелер жасасуға болады», - деді министр.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 97,4 миллион гектары, яғни 98,8 пайызы, ұзақ мерзімге жалға берілген. Тек жердің 1,2 пайызы ғана жекеменшікте. Осы шаралардың барлығы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толыққанды нарықтық айналымға енгізу үшін, қажетті жағдайлар жасауы тиіс.

Ал сенатор Қуаныш Айтаханов жерді жеке меншікке сатуға қарсы. Айтуынша, ауыл шаруашылығы өнім өндірушілердің көбісі жер түгілі, егінге қажет техника мен жанар-жағармай сатып ала алмай отыр. Бір гектар жердің құны орта есеппен 40 миллион теңге тұрады, ал қарапайым шаруаларда мұндай қаржы жоқ. «Демек жер қалталы топтың меншігіне айналып кетуі мүмкін», - деп алаңдайды депутат.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бензинге, тыңайтқышқа, жерін жыртуға ақша таба алмай отырған, кредит пайдаланып отырған шаруа жерді мынандай теңгеге қалай сатып алады? Бұл дегеніміз жерді біз «олигархтарға» береміз деген сөз. Бүкіл Қазақстандағы жер бір жиырма шақты, жүз шақты «олигархтың» қолында болады ақшасы бар. Олар сатып алады ертең. Қалған миллиондаған шаруалар жерсіз қалады. Соларға жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істейтін болады. 

Жұрағат БАМАН