Қазақстанның
ураны қандай бағамен сатылуда, бюджетке одан қанша пайда түсіп жатыр? Энергетика
министрі мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы өкілі бұл сұраққа
жауап бере алмады. Біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында министр Владимир
Школьник бағаны шетелдік компаниялардан сұраңдар деп, ат тонын ала қашты. Ол
тек алпауыт елдерге уран жеткізу бойынша келісім барын айтумен шектелді.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
Уран жеткізу
бойынша Еуропа елдерімен, оның ішінде Франциямен, сонымен қатар Жапония,
Үндістан, Қытай және АҚШ-пен нақты келісімшарттар бар. Мен мұны ресми түрде
хабарлаймын. Бағасы белгілі, бірақ ол коммерциялық. Тауардың сол күнгі шынайы
бағасы мен ұзақмерзімді болжамды құнына негізделіп құрылады. Компаниялар
арасында келісілген формула бар. Оны Жапония, Қытай, Үндістан, АҚШ және Еуропа
компанияларынан сұраңдар. «Қазатомөнеркәсіптің» олармен
коммерциялық байланысы бар.
2014 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан
АҚШ-ты уранмен қамтамасыз ететін ірі тасымалдаушыға айналды. Бұл туралы
шетелдік ақпарат құралдары жарыса жазуда. Мәселен World Nuclear News порталының
хабарлауынша, Қазақстан Американың 100
шақты атом электр станциясына 5,4 мың тонна шикізат жеткізген. АҚШ уранның әр
футын 44,47 доллардан сатып алған. Бұл өзге елдерден келетін 24,1 пайыз уранның
23 пайызы. Ақпарат құралы соңғы екі жылда қазақ уранының орташа құны өзге
елдердегі бағадан әлдеқайда арзан болғанын жазады. Қазіргі уақытта қазба
байлығымыздың мұхиттың арғы жағына қандай бағамен кетіп жатқаны да құпия болып шықты.
Наталья Боковая, ҚР «Қазатомөнеркәсіп»
ҰАК» АҚ бас менеджері:
Бағасы ма?
Бағасын мен айта алмаймын, өйткені келісімшарттардағы ақпарат - құпия. Ол жерде
коммерциялық шарттар да бар. Ал жалпы, уран құны әлемдік бағаның көлеміне
байланысты белгіленеді. Яғни «Қазатомөнеркәсіп» өзінің келісімшарттарына сай
уран құнын сол әлемдік котировкалар бойынша сатады.
Энергетика
министрінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстан әлем бойынша уранның шамамен 38-39
пайызын өндіріп отыр. 2009 жылдан бері уран өндірісі бойынша көш бастап келеміз. Бірақ, осы ауқымды өндірістен ел қазынасына қанша
қаржы түсіп жатқаны жөнінде құзырлы органдар әлі күнге тіс жармай отыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ