×

Ақтөбеде жылу құбырларының 70 пайызы ескірген

AstanaTV
07.10.2015ж. 20:00
1921
Ақтөбеде жылу құбырларының 70 пайызы ескірген

Ақтөбеде жылу құбырларының 70 пайызы әбден ескірген. Бұл коммуналдық қызметтердің кезекті жылыту маусымына толыққанды кірісуіне айтарлықтай кедергі келтіруде. Бүгінде әлеуметтік нысандар жылуға қосылған. Енді көпқабатты үйлерге жылу беріліп жатыр. Әйтсе де тозығы жеткен жылу желілерінің кез келген уақытта сыр беруі мүмкін.

Вера Григоренконың пәтер иелері кооперативін басқарғанына 20 жылға жуықтады. Білікті ұйымдастырушыға тұрғындар риза, құбырлар тозғанымен, қыс мезгілінде жылудан қағылған күніміз жоқ, дейді олар. Биыл да үйлері жылыту маусымына сақадай сай әзір.

Вера Григоренко, Ақтөбе қаласы «Әлия» пәтер иелері кооперативінің төрағасы:

Сәуірде жылу беру тоқтаған соң бірден жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Шаршы метріне 13 теңгеден жинаймыз. Оны барлық шығындарымызға жеткізуге тырысамыз. Биыл да жылыту маусымына дайынбыз. Рұқсат құжатымызды алдық.

Өкінішке орай, шаһардағы барлық үйлер жылыту маусымына бұлай тыңғылықты дайындалмайды. Басым бөлігіндегі жылу құбырлары жаңалауды талап етеді. Шенеуніктер болса мәселенің ушығуына тұрғындарды кіналайды.

Жұлдызбек Бисембин,  Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

Жаз мезгілінде пәтер иелері кооперативтері, әлде кондоминиум төрағалары жалпы жиналыс өткізіп, халыққа айтып, сіздің үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, осындай-осындай қаржы керек деп, мәселе көтереді. Көбісі жиналмайды. Жиналмағандықтан негізі болады жарылыстар.

Жылу беруші мекемеге қарасты құбыр жүйелерінің де жағдайы мәз емес. 219 шақырымдық негізгі құбырдың 70 пайызы әбден ескірген. Қазандықтардың да тең жартысы жаңартуды қажет етеді. Осы мақсатта биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық қазынадан 3 млрд 700 млн теңге бөлінген. Бұл ақша құбыр жүйесінің небәрі 11 шақырымын ауыстыруға жетті.

Айтбай Дауылбаев, Ақтөбе қаласы «Трансэнерго» АҚ  бас инженерінің орынбасары:

Жылына 2,5-2,8, әрі кетсе 3 шақырым жылу құбырларын жөндейміз. Енді міне егер 200 шақырым желілердің 70 пайызы деп алсақ, 140 шақырым. Оның тек қана жылына 3 шақырымнан жөндеп отырсақ, ұзаққа созылып кетеді.

Трансэнерголықтар келер жылға үмітпен қарап отыр. Өйткені өткен жұма күні Еуропаның қайта құру және даму банкімен өзара келісімге келіп, 3 млрд теңгеден астам несиеге қол жеткізіпті. Бұл қаражатқа 8 қазандықты қайта жарақтап, 7 шақырым құбырды жаңарту жоспарлануда. Ал биыл ескі құбырлармен амалдап қыстан шығудан өзге жол жоқ.

Мансұр ЕСХОЖИН