$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстанда радикалды діни ұйым мүшелерінің құрықталу фактілері жиіледі

AstanaTV
07.10.2015ж. 20:00
1821
Қазақстанда радикалды діни ұйым мүшелерінің құрықталу фактілері жиіледі

Астанада радикалды діни ұйымның тағы бір мүшесі құрықталды. Бұл тыйым салынған террорлық ұйымға қатысы бар деген күдікпен ұсталған алтыншы астаналық. Алматыда Сириядағы қақтығыстарға қатысқан ағайындылардың сот үкімімен алты жылға кесілгенін кешегі жаңалықтарымызда айтқан едік. Жалпы елімізде радикалды діни ұстанымдары үшін арнайы қызметтің қолына түскендер неге жиілеп кетті? Толығырақ тілші материалында.

Рахмет Бітембаев Оралдағы түзету мекемесіне 2012 жылы түскен. Террористерді қаржыландырды деген айыппен. Түркиядағы мұсылмандарға деп аударылған ақшаның Сириядағы лаңкестердің қалтасына түскенін Рахмет кеш білдім дейді. Ілім іздеп мешітке барған оны теріс діни ағымның өкілдері бауырына басқан.

Рахмет Бітембаев:

Мешітке барасың да, имамды тыңдамайсың. Құлағыңның бір жағы бітеліп қалған сияқты отыра бересің. Намазыңды оқисың да, жүре бересің. Эмоция дей ме, жастықтан ба, беріліп кетесің ғой эмоцияға. Интернеттен бір кішкене брошюра алып келсе, соны оқып аласың да, дұрыс екен ғой деп жүре бересің. 

Рахметтің шалыс қадамы алматылық ағайындыларға сабақ болмады. Қарасай аудандық соты Сириядағы қарулы қақтығыстың бел ортасынан оралған екеуді 6 жылға бас бостандығынан айырды. Олар елге келген соң радикалды идеяларын осында да таратыпты. ҰҚК-нің ресми ақпары бойынша, Сириядағы қазақстандықтар саны 150. Бұл тек ресми дерек.

Кеңшілік Тышхан, дінтанушы:

Жиһат, халифат, мұсылман мемлекеті, кәпір деген сияқты сөздерді пайдаланып, адамдарды тартып, өз қатарларын толықтырып отыр. Бүкіл ислам әлеміндегі ғалымдар бұл жерде жасалып жатқан дүниелердің исламның ішкі мазмұнымен тікелей байланысы жоқ екендігін, ешқандай ішкі мазмұнға сәйкес келмейтіндігін айтып, зар қағып жатыр. Демек, бұл жердегі мәселе діни сауаты төмен азаматтарды ислам атын жамылып тартып, бірақ басқа мүдделерге пайдаланып жатыр. Ол кеткен адамның қателікті түсінген жағдайда да қайтуы екіталай.

Десе де, майдан ортасынан оралып жатқандар бар. Ресейлік басылымдардың бірінде Сириядағы лаңкестер лагерінен қашып шыққан қазақстандықтың сұхбаты жарияланды. Азамат ол жақтағы жиһаттың жалған, ал діни көшбасшы дегендердің баскесер екенін көзбен көріп қайтқан. Ал мамандар, радикалды идеялардың ошағынан оралғандар қоғам үшін  қауіпті, дейді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ