$532.74 €617.23 ₽6.77
×

Өскеменде орталық жылуға қосыла алмай отырған көп қабатты баспана бар

AstanaTV
08.10.2015ж. 20:00
1353
Өскеменде орталық жылуға қосыла алмай отырған көп қабатты баспана бар

Өскемендегі есепте жоқ елес үй бар болып шықты. Грибоедов көшесіндегі нөмірі  5-ші үйдің тұрғындары, өз баспаналарының  көмекке ие болатындар тізімінде жоқ екенін, білген. Тұрғын үй апатты жағдайдағы баспаналар қатарына да енбепті. Жылуға қосылу мәселесінің шешілуін сұрап шенеуніктерге барған жандардың тауы шағылды, билік көмектен бас тартқан.   


Бұл үйдегі тұрғындар бірнеше жылдан бері жылу мен ыстық сусыз күн көріп келеді. Талай жердің табалдырығын тоздырғанымен, талпыныстары нәтижесіз. Соңғы рет қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына жүгінген кезде, олар тұрғын үйдің көмекке мұқтаж баспаналар тізіміне ілікпегенін білді. 

Тұрғындардың басым бөлігі - құрылыс саласының ардагерлері. Зейнеткер Зинаида Ригель пәтерінің әбден тозып, қабырғалары құзданып кеткенін ашына айтады.

Зинаида Ригель, Өскемен қаласының тұрғыны:

Плитаны қыздырып, үстіме қалың киім, аяғыма пима киіп аламын. Шай ішіп, әлгі плитаның қасында жылынып отырамын.

Тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп отырғандарын айтады. Бір қызығы, бұл үйдегі 45 пәтер коммуналдық кәсіпорындардың тізімінде бар болып шықты. 

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы басқармасының мамандары тұрғындармен жүздесуден бас тартты. Үйдің қазіргі ахуалынан хабардар екенін де жасырмады. Дау болған үш қабатты үй шаһардағы тұрғын үй қорының тізімінде бар екен. Тек заңды статусы әлі белгіленбеген. Бар мәселе осыдан туындапты. Кондоминиум құрылмаған, пәтер иелері кооперативіне де өтпеген.

Асқар Жақсылықов, Өскемен қаласы «ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысының орынбасары:

Үй бар, тұрғындар ішінде түтін түтетіп отыр. Бар гәп мынада: бұл үйді «Алтайсвинецстрой» компаниясы салған және соларға тиесілі болған. Кейін тұрғындар пәтерлерді біртіндеп жекешелендіріп алды. 6 пәтер ғана әкімдіктің  иелігінде.

Шенеуніктер, тығырықтан шығудың бір жолы - үйге бөлек жылу қазандығын орнату, дейді. Алайда, мұны тек бюджетте қосымша қаражат пайда болған жағдайда немесе демеуші табылса ғана, іске асыруға мүмкіндік бар.

Абзал ҚҰРМАНКИН