$526.5 €611.64 ₽6.72
×

«Трансаэро» компаниясы Ақтау әуежайы алдындағы қарызынан құтылды

AstanaTV
08.10.2015ж. 20:00
1315
«Трансаэро» компаниясы Ақтау әуежайы алдындағы қарызынан құтылды

Мәскеуге бағыт алуы тиіс ұшақтың жолаушылары Ақтау әуежайында 34 сағат отыруға мәжбүр болды. «Трансаэро» әуе компаниясының ұшағы 7 қазан күні таңғы сағат жетіде көкке көтерілуі керек еді. Тасымалдаушы компания әуежайға 10 млн теңге қарыз болғандықтан, ұшу мерзімі бірнеше рет шегерілді.

Жолаушылар өтелмеген қарыздың кепілі есебінде жолынан қалды. Күтуге шыдамы жетпеген төрт жолаушы Мәскеуге өзге рейспен ұшып кетуді жөн санапты. Ақтау әуежайы басшыларының айтуынша, сырттан келген азаматтар қонақ үйге жайғастырылды. Ақтаулықтардың анықтама қызметіне жүгінуіне тура келген. 

Алена Гвоздева, жолаушы:

Біз қайтып кеттік. Мәселе келесі күні шешіледі деген. Телефон нөмірін қалдырып, жағдайды қайта-қайта сұрап, біліп тұрдық.

Тиісті қаржының 7 млн теңгеден астамы бүгін таңертең аударылса, қалған бөлігі түс ауа төленді. Әуежай басшылығы, «Трансаэро» өзінің берешегі бар екендігі жайлы хабардар, дейді. 

Ерғазы Жолдасов, Ақтау халықаралық  әуежайы директорының міндетін атқарушы:

Соңғы бір аптада 10 шақты рет хат жолдадық. Бұл қарыз бір күнде қордаланған жоқ. Бізге жеткен мәліметке сенсек, компания банкрот болатын көрінеді. Сондықтан атқарылған қызмет ақысын ала алмай қалуымыз мүмкін деген қауіп болды. Келесі рейстердің ақысы алдын ала төленуін талап етеміз. 

«Трансаэро» әуе компаниясының ұшағы бүгін Ақтау уақытымен 17 сағат 25 минутта Мәскеуге ұшып кетті. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ