«Қазаэронавигация» кәсіпорны қазақстандық әуе
тасымалдаушыларына көрсетілетін қызмет құнының тарифін 2016 жылдан бастап 44
пайызға көтеруді ұсынды. Мұның себебін ішкі шығындардың көбеюі мен
инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаржыдан бөлек қосымша ақша қажет
екендігімен түсіндіреді. Кәсіпорын басшылығы тарифтің өзгеруі билет бағасына
айтарлықтай әсер ете қоймайды деген пікірде.
Марат
Дәуітәлиев, «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары:
Қазақстан
аумағында ұшатын әуе кемелерінің аэронавигациялық қызмет шығындары жалпы
табыстың 2 пайызға жуығын құрайды. Осылайша, реттелетін тариф құнының
өзгерісі билет бағасының өсуіне әсер
етпейді.
Алайда, әуе
тасымалдаушылары кәсіпорын болжап отырған 300-800 теңге аралығындағы өсімнің
жолаушылар қалтасына салмақ салатынын айтады. Олардың сөзінше, клиенттер қатары
биыл өткен жылмен салыстырғанда 5
пайызға кеміген. Дегенмен бұл мәселе әлі ұсыныс күйінде. Жиынға қатысушылар
оны комитет жанындағы жұмыс тобында жетілдіруді ұсынды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ