$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Алматылықтар елдегі қаржылай дағдарысты жұмыла еңсеруге кірісті

AstanaTV
09.10.2015ж. 20:00
1471
Алматылықтар елдегі қаржылай дағдарысты жұмыла еңсеруге кірісті

Алматылық тұрғындар елдегі қаржылай дағдарысты жұмыла еңсеруге кірісті. Жұмыс жоқ деп қарап отырмай,  қарапайым жолмен табысқа кенелетін тіршілік көзін тапты. Өзіне ғана кіріс келтіріп қоймай, оны көмекке мұқтаж жандармен бөлісіп жатқандар да бар. Тығырықтан шығудың жолын тапқан азаматтар жайлы тілшіміз Айгүл Ермахан айтады.

Сұлулық салонының иесі Лариса Стародубцева қаржы қыспаққа алған тұста бет-әлпетін әрлеуге келетіндер қатары аз екенін жасырмайды. Сондықтан сұранысқа қажет дүниелер жасауға көшкен қиындылар мен ескі бұйымдардан қуыршақ жасап, киім сататын дүкендерді эксклюзивті безендіреді.

Лариса Стародубцева, кәсіпкер:

Бұл мен үшін  шағын кәсіпке айналды. Алғашында табысым 30 мың теңге болатын. Қазір 150 мың теңгеге жетті. Үйренгенімнің пайдасын өзім ғана көріп жатқаным жоқ. Жұмыс таба алмай жүрген жастарға ескі бұйымдарды кәдеге асыру арқылы нәпақа табуға көмектесемін.

Көзі көрмейтін жандар да айналадағыларға үлгі көрсетуде. Тұрмыстық шаруаларды ешкімнің көмегінсіз атқаруға үйрететін жобаны жүзеге асырып, тәуекелге бел буған зағип жандар осының нәтижесінде жұмыспен қамтылды.

Жазира  Мүлкебекова, «Жігер» қоғамдық қорының мүшесі:

Дәмханаға барып, повардың жанында жүріп, өзі жасай алатын, мысалы, ыдыс жуса да, кесіп берсе де,  болар еді. Біз осылай шығуымыз керек кризистен. Өйткені бізді ешкім асырамайды.

Айманов пен Жандосов көшелерінің қиылысындағы дәмханада аптасына 5 рет мұқтаж жандар тегін тамақпен қамтылуда. Игі бастаманы қолға алған кәсіпкерлердің айтуынша, кірісі жоқ отбасыларға берілетін тағам үшін анықтама мен тексерістер жүргізілмейді.

Расима Темербаева, кәсіпкер:

Әркімнің келіп, тамақтануына мүмкіндігі бар. Күніне орта есеппен 20 адам тамақ ішеді. Жобаны барлық қазақстандық белсенділер қолдайды және қаржылай көмектеседі деп ойлаймын. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Мына бір порция ыстық тағамның салмағы - 300 грамм. Ішінде дәрумендерінің бәрі бар, кешкі астың қуатын толық өтейді, деп айта алмаймыз. Десек те жүрек жалғауға болады. Қаражаты бар жандардың шиеттей баламен жұмыссыз отырған жандарға уақытша болса да көмегі көңіл көншітеді. 

Олар еңбектің қиындықты жеңіп шығуға жол ашарына сенеді. Сондықтан нәсіп әкелетін кәсіп көзінен айрылмауымыз керек, дейді. Өзіңді ғана ойламай, қасыңдағыларды да қолдауды ұмытпауға шақырады.

Айгүл ЕРМАХАН