Әулие
ата жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» халықаралық
ақындар айтысының үздіктері анықталды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткен
сөз сайысына 26 ақын қатысты. Әсіресе Қытай, Моңғолия елдерінен келген жыр
жүйріктері көрермен көңілінен шыға білді.
Екі күнге жалғасқан аламан
айтыста сөз сайысына түскен ақындар түрлі тақырыпта шабыттана жырлады. Тарихтан сыр
шерткен аламан айтыста жас буын сабақ аларлықтай тұшымды дүниелер ақтарылды.
Кешегі
тарихпен қатар келешек жайлы да сөз еткен ақындар Елбасы атап өткен «Ұлы
даланың перзенттеріміз» идеясының өзектілігін өлең-жырға
сидырды. Мәдени шараны тамашалауға келген халықтың қарасы қалың. Тең
жарымы сөз сайысын тік тұрып тамашалады.
Қайталанбас өнерімен тыңдарманды да
қазыларды да тәнті еткен айтыскерлердің арасынан мықтысын таңдау қиынға соқты. Жүлделі үшінші орынды қостанайлық Айбек Қалиев пен Астанадан
келген Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті. Қос ақынның әрқайсысына 650 мың
теңге қаржылай сыйлық берілді. Тағы бір астаналық
айтыскер Иранғайып Күзембаев екінші орынды еншіледі. Ал бірінші орынды Керекуден
келген Аспанбек Шұғатаев пен алматылық ақын
Болатбек Оразбаев олжалады. Қос мықты 2 жарым миллион теңге қаржылай сыйлыққа
ие болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар да назардан тыс қалмай, 200 мың
теңгеден алып қайтты.
Берік
Уәли, «Нұр Отан» партиясы төрағасы
бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi:
Бұл
айтыстың басқа айтыстардан ерекшелегі сол
- бұл мемлекеттікті ту қылып, осы біздің бабаларымыздың рухын, ерлігін
жырлайтын айтыс болды, деп айтсақ,
еш қателеспейміз. Өйткені бұл айтыс елдікке шақыратын, қазақтың мемлекеттілігі
бар екенін,
жалпы Алтын Орданың заңды мұрагері екені айтылды бұл жерде. Өз үдесінен шықты
деп айта аламыз. Ең бастысы - осыдан біз тағылым алдық.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ