Ел
аумағында «Күз-2015» әскери науқаны жүріп жатыр. Қазанның 1-нен әр өңірде
медициналық комиссия жұмысын бастады. Бір ғана Павлодар облысынан биыл
шақырылымға 600-ден астам азамат тартылмақ. Әскери борышын өтеуге ниетті жас
буын өкілдері әскерден не күтеді? Тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы зерттеп көрді.
Осыдан екі жыл бұрын әскерге
шақырту қағазы келгенде Рамазан кейбір қатарластары секілді бұған бей-жай
қарамады. «Азаматтық борышты өтеу - басты парыз» деп білетін ол, құжаттарын
жинап, комиссияға асыға жетті. Алайда, денсаулығына байланысты сынақтан сүрінген жігіт
биыл да бағын сынамақ.
Рамазан Ілиясов:
Бойым
жетпеді. Вес жеткен жоқ. Сосын спортпен айналыстым. Тамақ, режим түгел болды.
Енді бір сұрақ тұр - өтем бе, өтпеймін бе.
Бүгін
де комиссия жұмысы қызу жүріп жатыр. Жігіттермен әуелі түсіндіру шаралары
жүргізіледі. Сосын медициналық тексеріс. Мамандар соңғы уақытта жас жігіттер
арасында түрлі деңгейдегі жарақаттардың күрт өскенін алға тартады. Сүйектің
сынуы, мертігу белең алған. Жиі кездесетін омыртқаның қисаюы,
майтабан, асқазан аурулары қатарына жаңа
сырқат түрлері қосылған.
Зағира
Бейсенбаева, медициналық комиссияның төрағасы:
Аурулардың қатарында семіздік
белең алып келеді. Медициналық
комиссияда 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Сонда байқағаным, соңғы үш жылда 20
жастағы азаматтардың арасында 2-ші, 3-ші дәрежедегі семіздік көрсеткіші өскен.
Меніңше,
бұл ғасыр трагедиясы. Сондай-ақ,
қант диабеті де жиі тіркелуде.
Әсемгүл
Мұхитқызы, тілші:
Бұл
істе физиологиялық әзірлікпен қатар, психологиялық дайындық та маңызға ие.
Сондықтан әскерге шақырылған әрбір жас міндетті түрде психологиялық тексерістен
өтеді. Соңғы екі жылда бұл компьютерлік «Ақ сұңқар» бағдарламасы.
Мамандардың пікірінше, қазіргі кезде азаматтық борышын өтеуге ниет
білдірушілердің саны күрт өскен.
Бұл
медициналық тексерістен сүрінбей өткен жігіттер. Енді олардың психологиялық
ахуалы зерделенеді. Арнайы тестілеуден соң, міндетті түрде әңгімелесу болады. «Сұрақ-жауапқа
негізделген сынақ болашақ сарбаздарды жақын түсінуге мүмкіндік береді», - дейді
дәрігерлер. Әскери бөлімдерді жасақтауда сарбаздардың білім деңгейі де жіті
тексеріледі. Басты қағида - әскер қатарын саналы, сауатты әрі денсаулығы мықты
азаматтардан қалыптастыру.
Бақыт
Мейірханов,
Павлодар облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары:
Әскерге бару қазір барлық
азаматтарға сән, мәртебе деген сияқты. Қазір әскердің деңгейі көтеріліп келе
жатыр. Сондықтан барлығы қазір әскерге бару үшін ұмтылып, тырмысып жатыр.
Әскери билетсіз қазір жұмысқа тұру өте қиын.
«Күз -2015» шақырылымы аясында Павлодар облысынан 661 адам әскерге тартылуы тиіс. Оның 215-і Қарулы күштердің бөлімдерінде қызмет етеді. Қалғаны мемлекеттік күзет, Шекара қызметі мен Ұлттық гвардияға жолдама алмақ.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ