$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Түркістанда жантүршігерлік оқиға болды

AstanaTV
12.10.2015ж. 20:00
2375
Түркістанда жантүршігерлік оқиға болды

Түркістанда жантүршігерлік оқиға болды. Бүгін бір отбасынан 4 адамның мәйті шығарылды. Тағы үшеуі ауруханада. Олардың бірі, яғни сол үйдің үлкен ұлы, сақшылар күдігіне ілініп отыр. Полицейлердің алдын ала тұжырымы бойынша, ол отбасы мүшелерін қырып салып, өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ туыстары үй терезесінен әлдекімнің жазбасын оқыдық, деп мәлімдеді. Оқыс жәйттің жай-жапсарын Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Ақтық сапарға жөнелтілгелі жатқандар Түркістандағы Исраиловтар әулетінің келіні, бес жасар немересі және  ағалы-інілі атпалдай қос азаматы. Барлығы да зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Қазір осы оқиғаға айланысты «адам өлтіру» дәйегімен қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер департаментінің дерегінше, қылмыстың басты себепкері - отыз жастағы осы үйдің ұлы Мухаммаджан Исраилов.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

Күдікті осы ауыр қылмысты жасағаннан кейін өзіне қол жұмсамақшы болған. Өз-өзіне атқан және  шешесін, ұлын атқан. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің анықтағаны - ауыр қылмыс қызғаныштан орын алған. Осы үйдің үлкені өз әйелін қызғанған.

Қанды қырғын сенбі күні болған. Сол күні таңнан бері хабарсыз жатқан соң, туыстары үйге іздеп келген. Бірақ мәйіттердің үстінен түскендерін айтады. Алайда өз отбасын бауыры қырып салды дегенге ешбірі сенгісі жоқ. Бұл жабылған жала деп санайды. Айтуларынша, жеті жыл жүріп қосылған қосағы Наргизаны Мухаммаджан Исраилов  жуырда ғана жұмысқа кіргізіпті. Бірақ қызғаныш деген қызыл итке еретін азамат емес еді, деген пікірде.

Диляра Исраилова:

Қызғанған емес. Жақсы келін... Жақында жұмысқа кірген. Ешқандай қызғану інімде ондай болған емес. Ішпейді, шекпейді.

Басты сезікті саналып отырған Мухаммаджан туыстарының айтуынша, көлік алып сатумен айналысады екен. Сондықтан бұл әлдекімдердің  қасақана істеген қылмысы деп отыр.

Зайнидин Исраилов, марқұмдардың туысы:

Дұшпандары бар ма, жоқ па, білмеймін, бірақ қарызы бар деп есіттік. Бірақ кімнен қанша қарыз екенін ешкімге айтпады ол.

Шаукат Шарапов: 

Достарына айтыпты, қарыздары көбейіп кеткен. Мені неғып жүріңдер, болмаса мені жақында атып кетеді деген сөзі бар екен, достарына айтып кеткен екен соны. Қорқытқан ғой сонда оны. Бұл жерде аз ақша емес... Бірге жүрген достарына айтқан екен, бір аптаға жетпей осындай болып тұр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қара жамылып отырған отбасының туыстары әлдекімдердің белгі ретінде жазу жазып қалдырғанын айтады. Сенбі күні анық көрінген бұл жазу кешегі жауыннан соң бүгін аса байқалмай тұр. Бірақ полиция бұл дәйекке еш назар аудармай отыр, дейді марқұмдардың ет жақындары.

Алайда ол жазбаның авторын, не өзін көрген-білгендер жоқ.

Шарафутдин Абдуллаев, көрші:

«Қош бол, досым менің» деген жазу болды. Ортасында доллардың суреті болды. Соны енді полицейлерде доллардың көтеріліп-түскеніне жазғаны шығар, жас балалардың деген сондай бір версия болды да. Ал біз кіріп адамдардың бандиттердің істегені деп ойлаймыз біз өзіміз.

Қазір үш адам ауруханада жатыр. Олар бір әулеттің анасы мен күдікті. Ауыр бас ми жарақатын алған екеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер басына күрделі ота жасалған олардың әлі есін жимағанын айтады. Ал алты жасар ұл баланың бүгін беті бері қараған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ