$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Журналист Бота Жұмановаға жасалған шабуылдың тергеуі ҚР ІІМ жіті бақылауына алынды

AstanaTV
12.10.2015ж. 20:00
1689
Журналист Бота Жұмановаға жасалған шабуылдың тергеуі ҚР ІІМ жіті бақылауына алынды

Өз үйінің есігінің алдында соққыға жығылған журналист Бота Жұманованың ісін Ішкі істер министрі жеке бақылауына алды. Себебі оқиға орын алысымен әлеуметтік желідегілер министр Қалмұханбет Қасымовтан журналистке жасалған қастандықты жіті қадағалауын сұрап, үндеу жолдаған болатын. Қазір қылмыскер іздестірілуде. Тіпті алматылық кәсіпкер Ерлан Нұрпейісов журналистке шабуыл жасаған адам жайлы қандай да бір мәлімет берген адамға сыйақы беретінін мәлімдеді.

Оқиға 8 қазан күні кешкі сағат 9-дар шамасында Алмалы ауданында болған. Мына бейнеден жұмыстан өз үйіне оралған журналистті белгісіз бір жігіт соққанын көруге болады. Әбден тепкілеп, ізін суытты. Қазір сақшылар іздеп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.

Салтанат Әзірбек,  Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда Алматы қалалық ІІД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері және Алмалы аудандық полиция қызметкерлерінен арнайы тергеу тобы құрылып, қазіргі таңда осы шабуылды жасағанның аты-жөнін, тұлғасын анықтауға және оны ұстауға бағытталған шаралар жалғасуда. Қылмыстық Кодекстің 293 бабы бірінші тармағы бойынша саралануда, яғни бұзақылық фактісі ретінде.

Бота Жұманова - қаржы тақырыбында қалам тербеп жүрген журналист. Жемқорлық төңірегінде де мақалалары шықты. Әріптестерінің айтуынша, соңғы кездері мемлекеттік - жеке серіктестік саласындағы жемқорлықты зерттеумен айналысқан. Министрге үндеу жолдағандар қастандық қызмет бабымен байланысты болуы мүмкін екенін жазды. Қазір қылмыскерді іздеуге кәсіпкерлер де кірісті.

Ерлан Нұрпейісов, кәсіпкер:

Ол - өте тәжірибелі журналист. Қоғамға ой салатын мәселелерді қозғайды. Бұл қастандық әрекеті деп есептеймін. Сондықтан қылмыскерді тапқан адамға сыйақы жариялап отырмын. Тек мен ғана емес, маған қолдау көрсеткен жандар да бар. Мен 100 мың теңге ұсынып отырмын. Әркім шама-шарқынша қолдау 20-30 мың теңгеден қолдау білдіруде. 

Қазіргі таңда журналист Бота Жұманова түрлі жарақаттармен №7 аурухананың нейрохирургия бөлімінде ем қабылдауда. Бұл туралы блогердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Бота Жұманова, журналист, блогер:

Барлығыңа сәлем! Мен аманмын. Қазір емделіп жатырмын, бірақ басым кішкене мазалайды. Мен Майқұдықтанмын, біз мұндайдан жеңіле салмаймыз. Маған қолдау білдіргендерге рахмет!

Журналист қызға жасалған шабуылдың кәсіби қызметпен байланысы бар ма, жоқ па? Бұл сауал қазір көптің көкейінде. Дегенмен бұл сұраққа жауап қастандық жасаған адам ұсталған соң ғана белгілі болмақ.

Айгүл ЕРМАХАН