Анкарадағы
теміржол вокзалында болған екі дүркін жарылыстан соң түрік халқы аза тұтып
жатыр. Осыған орай, алдын ала жоспарланған мемлекеттік шаралар кейінге
шегеріліп, телеарналардағы ойын-сауық бағдарламалар эфирден алынды. Бірақ
Түркияның көптеген қалаларында қарсылық шаралары бой көтерді. Олар ішкі істер министрінің отставкаға кетуін
талап етуде. Жойқын жарылыс кімге керек болды? Самат Сүлей тарқатады.
10 қазан күні Түркия тарихындағы ең жойқын теракт болды. Араға секундтар салып екі
бірдей жарылыстың болуы, жүзге жуық адамның өмірін қиып, халықтың жүрегін
сыздатты. Оның үстіне бұндай терактінің
ел астанасы Анкараның қақ ортасында ұйымдастырылуы бұқараның үрейін ұшырып
отыр.
Жалпы қазір ел ішінде үкімет жариялаған қаралы күнді ескеріп, оған үнсіздікпен
қарап отырғандар аз. Анкарадағы жарылыстан соң, Түркияның көптеген қалаларында
бейбіт шерулер басталып кетті. Кейбір ашуға берілген жастар тәртіп сақшыларына
тас атып, қарсылық көрсетуде. Олар терроризмен күресте құқық қорғау
органдарының дәрменсіздігін айыптады.
Үкімет
басшысы Ахмет Дәуітоғлы, бұл қанды қылмыстың басында кім тұрғанын, ең қысқа
уақытта табуға уәде берді. Оның пайымынша, Күрдістан жұмысшы партиясы немесе
Ислам атын жамылған террорлық ұйым лаңкестері болуы мүмкін.
Ахмет
Дәуітоғлы,
Түркия Республикасының премьер-министрі:
Бұндай ауыр жағдайда бізге сабыр мен бірлік, ынтымақ қажет. Жақын күндері
еліміздегі саяси партиялардың басшыларымен жеке-жеке кездесетін боламын. Яғни елдің бүтіндігі үшін барлық саяси күштер мәмілеге келуіміз қажет. Өйткені
халықтың амандығына тек уақытша билік басындағы Әділет және даму партиясы ғана
емес, бүкіл саяси партиялар жауапты.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде Анкарадағы жарылыстан қаза
тапқандардың саны 97-ге жетті. Ал жаралы күйде ауруханаға 246 адам түскен, оның
50-ден астамының жағдайы ауыр. Бүгін қаза тапқан 92 марқұмның есімдері белгілі
болды. Алайда, бес адамның мәйіті әлі тексеруде. Соның екеуі жарылысты
ұйымдастырған жанкешті, - деп жазады жергілікті ақпарат құралдары.
Ахмет
Темір, сарапшы:
Түркияның
ішкі қауіпсіздігі дәл қазір қыл үстінде тұр. Анкараның дәл орталығында
тіркелген оқиға осының дәлелі. Алайда, Ішкі істер министрілігі өз қателігін
мойындамай отыр. Сирия жақтан елімізге қаншама адам өтуде, оның ішінде ИЛИМ
лаңкестері бар. Әрине, бұдан соң жарылыс болады. Себебі терроршылар арамызда
жүр. Мәселен, соңғы екі жарым айда елімізде жойқына қатты үш жарылыс болды.
Зерттеп қарасақ, Диярбақыр, Суруч және Анкарадағы терактінің бір біріне
байланысы бар екені анық. Ұйымдастыруы ұқсас. Бұны ИЛИМ-нің лаңкестері деген
болатын. Ендеше неге біле тұра қауіпсіздікті қолға алмады? Құзырлы
органдарымызда тәжірибелі мамандар жоқ.
Дегенмен,
ішкі істер министрлігі елдің барлық аймағында қауіпсіздік күшейтілді деп
сендірді. Ал сенбідегі жарылыс кезінде бізден қателік кеткен жоқ, - деп ақталды.
Селами
Алтынок, Түркия Республикасының ішкі істер министрі:
Бейбіт
шеру өтеді деп жоспарланған вокзал маңын
қызметкерлеріміз жіті бақылауда ұстап, барлығын тексерген. Жарылыс,
тәртіп сақшыларымыз қоршауға алған жердің сыртында болды. Терроризмен күрес
және оның алдын алу жолдары үнемі назарымызда.
Түріктің
баспасөзінде аталған қанды оқиғаға қатысты түрлі болждамдар айтылуда. Бірі
қанды қылмысты ұйымдастыру үшін, Ирак шам ислам мемлекетінің содырлары Сириядан
арнайы дайындықпен келген деседі. Ал енді бірі, бұл істің артында Күрдістан
жұмысшылар партиясы тұр, деген пікірде. Алайда ешқайсысы жарылысты өз
мойындарына алған жоқ.
Самат СҮЛЕЙ