$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Тобыл өңірінде жұмысшылар жаппай қысқартуға ілігіп жатыр

AstanaTV
12.10.2015ж. 20:00
1434
Тобыл өңірінде жұмысшылар жаппай қысқартуға ілігіп жатыр

Қостанай облысында жыл соңына дейін кен-байыту өндірістік саласындағы екі жарым мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Аймақ прокурорлары кәсіпорындардағы жаппай қысқарту әлеуметтік ауыртпашылықпен қатар, қылмыстық ахуалдың өршуіне де әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

Олардың келтірген ақпаратына сәйкес, кейбір компаниялар, бұған дейін жасалған меморандумдар мен заң талаптарына қарамастан, «оңтайландыру» шарасын желеу етіп, қызметкерлер санын қысқартып жатыр. Мәселен, өңірдегі ірі өндіріс ошақтарының бірі «Соколов-Сарыбай» кен-байыту өндірістік бірлестігі мердігер қызметінен бас тартып, соның салдарынан 1700 маман жұмыссыз қалды, деді құзырлы орган өкілдері.

Ал кейбір кәспорындар зейнеткерлікке және жұмыстан өз еркімен шыққан адамдардың орнына басқа жұмысшыларды қабылдамай келген. Осылайша, «оңтайландыру» саясатын сылтау еткен облыстағы 10  кәсіпорын алдағы уақытта тағы 2 мыңға жуық  жұмыс орынын босатуды көздеп отырған көрінеді.

Нұржан Айдархан, Қостанай облыстық прокуратурасының 1-ші  басқарма прокуроры:

Жұмыс орындарының босатылуы сараланып, тексерілген. Қазіргі кездегі саяси-экономикалық жағдайға байланысты қысқартылып отыр. Сонымен қатар босатылған жұмыскерлерге басқа жерлерден қоғамдық жұмыстар, басқа да бос орындар беріліп отыр.

Заңғар САНАЙ