$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда трамвайдың қатысуымен тағы да ірі көлік апаты орын алды

AstanaTV
14.10.2015ж. 20:00
1489
Алматыда трамвайдың қатысуымен тағы да ірі көлік апаты орын алды

Алматыдағы трамвай апатынан зардап шеккен адамның жағдайы қалыпты. Бүгін дәрігерлер оның жансақтау бөлімінде жатқанын, ешқандай ота жасалмағын айтты. Бұл жол апаты кезінде де 14 көлік жапырылып, тағы 5 адам зардап шекті. Тізгінде тағы да жүргізуші болмай шықты. Араға ай салмай тура осындай жағдайдың қайталануына не себеп? Самат Қанағатов анықтауға тырысты. 

Ірі жол апаты Сейфуллин даңғылы мен Мақатаев көшесінің қиылысында болған. Алматы қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, апат туралы хабар сағат кешкі 19:20-да келіп түскен. Белгілі болғандай, Мақатаев көшесімен келе жатқан 6-шы маршруттың трамвайы алдымен Сейфуллин даңғылында 11 көлікті жапырып өткен. Одан әрі Байтұрсынов көшесінде рельстен шығып, тағы үш көлікті соққан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, трамвай 14 көлікті жайпаған.

Төлеген Есіркеп, зардап шегуші:

Қатты шум-гам болып кетті. Артқы айнама қарасам, трамвай ызғып келе жатыр. Жолындағы барлық машинаны соғып, жан-жағын сырып, тура маған келді де, менің артқы сол жағымнан қатты ұрды. Машина біраз жерге ұшып кетті.

Оқиға орнында болған жүргізушілер көлік бейнетіркеуішіне түсіп қалған бейнені жариялады. Онда трамвайдың жүйткіп келіп, жолдан шыққанын көруге болады. Ең сорақысы - трамвайда жүргізуші болмаған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда мәлім болғандай, бұл апат салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаларға жеткізілген болатын. Басқа адам шығындары жоқ, абырой болғанда. Тағы да алдын-ала мәлімет бойынша, оқиға болған сәтте трамвайдың ішінде жүргізуші болмаған.

Алғашқыда 5 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген. Төртеуі алғашқы дәрігерлік көмектен соң үйлеріне қайтарылыпты. Ал басынан қатты жарақаттанған бір науқас 7-ші қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Нұржан Исабеков, Алматы қаласы денсаулық басқармасының бас хирургы:

Бұл науқаста бас миының ауыр жарақаты. Оған байланысты реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта науқас есін біледі. Қажетті зерттеулер тағайындалып, уақытылы көмек көрсетілуде. Операция жасалған жоқ. Тек сиптоматикалық ем өткізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай жол апаты Алматыда 21 қыркүйекте де болған еді. Сол кезде де трамвай 14 көлікті жапырып, салдарынан 5 адам жарақат алған болатын. Бұл істі құзырлы органдар әлі тексеріп жатыр. 

Самат ҚАНАҒАТОВ 

Алдыңғы жаңалық