$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Атамекенге оралған қазақтардың азаматтық алу тәртібі жеңілдетіледі

AstanaTV
14.10.2015ж. 20:00
2022
Атамекенге оралған қазақтардың азаматтық алу тәртібі жеңілдетіледі

Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың азаматтық алу мерзімі 4 жылдан бір жылға дейін қысқарды. Сондай-ақ атамекеніне оралған қазақтар елдің қалаған өңірін қоныстап, оралмандық мәртебесін алуға құқылы. Ата мекенді аңсаған қиырдағы қаракөз қазақтар үшін сүйіншісі көп заң жобасын бүгін мәжіліс депуттаттары қабылдады.

Мәжіліс депутаттары сәрсенбілік отырысын бір депутатқа кем бастады. Кеше кешкісін Сәкен Жылқайдаров мезгілсіз өмірден озды. Депутаттар әріптестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Парламент қарауына бүгін 5 заң жобасы ұсынылды. Соның ішінде ең қызу талқыланғаны халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері жөніндегі заң. Онда азаматтық алуды едәуір жеңілдететін нормалар бар.

Тамара Дүйсенова, ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Бір жылдың ішінде оралман мәртебесі туралы куәлік беріледі. Екінші, осы бір жылдың ішінде Қазақстанның азаматтығын ала алады. Үшіншіден, егер этникалық қазақтардың балалары Қазақстанға келіп оқып жатқан болса, оларға азаматтық беру мәселесі де жеңілдетіледі. Төртіншіден, куәлікпен бірге ИИН де бірге беріледі де, сол куәлік зейнетақы алу үшін, жалпы әлеуметтік көмекке қатысты мәселелердің барлығын шешеді.

Енді қатарымызға қосылған қандастарымыздың шетелдік құжаттары қазақстандық жеке сәйкестендіру құжаттары тізіміне қосылды. Сондай-ақ үкімет сырттағы этникалық қазақ арасынан дарынды жастарды елге тартуға ден қоймақ. Олар үш-ақ ай ішінде Қазақстан азаматы бола алады. Ал елімізде жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныстанған қандастарға мемлекеттің қаржылай көмегі де бар. Бұл елдегі қазақстандықтарға да қатысты.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Әрбір отбасының басшысына 50 АЕК, ал мүшелеріне 35 АЕК болады. Ал егер де де бір отбасы бес адамнан тұратын болса, бір реттік көмек биыл 350 мыңнан жоғары болады.

Виза мерзімі таусылған қытайлық қазақтардың мерзімді ұзарту үшін шекара асып, біраз қиындық көретін. Бұл да Ішкі істер органдары арқылы шешім табады. Үлкен көшпен атамекенге оралатын «тентектеу» қандасқа да үкімет жұмсақтық танытпақ. Баяндамадан кейін депутат Алмас Тұртаев төрағадан сөз сұрады. Бірақ жазбаша өтініш бермеген депутатқа сөз берілмеді.

Тосын ұсынысқа ешкім тосқауыл қоя алмайтынымен, тәртіп сондай. Тұртаевтың не жөнінде іштен тынғанын өзінен білдік.

Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Бір мәселені мен ескерткім келгені, бұл бәріміз үшін маңызды, біріншіден, ұлттық қауіпсіздікке маңызды. Бұның ертең практикада қалай болады? Менің айтқым келгені - депутаттық корпустың атынан, бұның іс жүзіндегі нәтижесін біз бақылауға алғымыз келеді.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Бірақ барлық депутаттар заң жобасына көңілдері толып отыр. Сондықтан мәжілістің комитеттік отырыстарында 200-ден астам өзгерту енгізілген бұл құжат бірауыздан қолдау тауып, сенатқа жол тартты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ