$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Оралдағы саяжайларға салық салынбақ

AstanaTV
14.10.2015ж. 20:00
1353
Оралдағы саяжайларға салық салынбақ

Батыс Қазақстан облысындағы зәулім коттедждерге салық салынбақ. Осы мақсатта жуырда қала маңындағы саяжайға рейд жасау көзделіп отыр. Бұған облыс әкімінің тапсырмасы себеп болған. Аймақтағы әріптесім саяжайда болып, ондағы тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Юрий саяжайдан жер алып, мына зәулім үйін алты жылда салып бітірген. Енді қоныс тойын тойламақшы. Бірақ сәнді коттеджді ұстап тұру қожайынның жүйкесі мен қалтасына ауыр тиетін түрі бар.

Юрий Чудный, Орал қаласының тұрғыны:

Қазір саяжай секілді жер салығын ғана төлеп жатырмын. Егер әкімдік міндеттесе, онда үй үшін де салық төлеуге тура келеді. Басқа амал жоқ.

Бағбандар қоғамы жергілікті биліктің жаңа талабымен жақсы таныс. Қала іргесіндегі саяжайлардан арзанға жер сатып алып, үй тұрғызғандардың соңғы кезде қарасы көбейгенін айтады.

Алексей Саблин, Орал қалалық бағбандар қоғамының төрағасы:

Қалада жер қымбат. Сондықтан саяжайда үй тұрғызады. Мұны арнайы органдар тексермейді. Бақылаусыз қалғасын, ешқандай талап сақталмайды. Көшелер ретсіз орналасқан, әрі тар. Бұл саладағы былық аз емес.

Салықшылардың дерегінше, қала аумағындағы саяжайларда 20 мыңдай жекеменшіктегі баспана бар. Олардың қаншасы сәнді сарай екенін ешкім білмейді. Тек 2 мыңы ғана тұрақты салық төлеп тұрады екен. Бүгінде 141 млрд теңгеге жеткен облыс бюджетінің 58 миллиарды салықтан түседі екен.

Манарбек Қадырбеков, Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:

Сол саяжай бағына барып, 5-6 объектіні өзіміз суретке түсіріп, салыстырған кезде, уәкілетті орган бойынша ол жерде саяжай орналасқан, ал біз суретке түсірген кезде бұл жерде үлкен коттедждер тұр. Салық салу объектісі саяжай болғандықтан, бағалау құны төмен. Енді мен ол жағын айта алмаймын, әдейі әлде қалай екенін.

Қайрат Әбуов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Аумағы 50-60 шаршы метрден аспайтын көптеген саяжай үйлерінің орнына үлкен коттедждер салынған. Бірақ олар тиісті салығын төлемейді. Осыған байланысты облыс әкімі салықтан жалтарушыларды тексеріп, рейд жүргізуді тапсырды. 

Алайда, салық төлеуден жалтарғандардың ішінде тұрғындардан бөлек, құрылыс фирмалары да бар. Енді осындай кәсіпорындар да тексеріледі. Дегенмен салық есептеулерінің қалай жүргізілетіні әзірге белгісіз. 

Еркін КАРИН