$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев дүниеден озды

AstanaTV
12.10.2015ж. 20:00
4580
Қоғам қайраткері Мақсұт Нәрікбаев дүниеден озды

Бүгін қазақ елі біртума ғалым, белгілі заңгер, беделді қоғам белсендісі Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтан айырылды. Оның жүрегі 75-тен 76-ға қараған шағында соғуын мәңгі тоқтатты. Өмірінің соңғы жылдары аты жаман ауру - обырмен күрескен ол көрген-білгенін мыңдаған қазақстандыққа кітап етіп жазып қалдырды. Бірақ адуынды ажал ардақты азаматтың өмірін ақыры қиды.

Мақсұт Нәрікбаев:

Мен шын айтатын болсам, «о дүниеге» кетудің өзіне философиялық тұрғыда қарайтын адаммын. Құдайға тәубе, жасайтын жасымызды жасадық, жететін шыңдарымызға жеттік, көбіне арман ретінде ғана қалатын биіктерге жеттім.

Қазақ зиялы қауымы арасында шоқтығы биік азамат - Мақсұт Нәрікбаевтың «кезегі» қарашаның қара суығында жетті. Біздің арнамызға берген соңғы сұхбатында асыл азамат, обыр атты ауруды ден қойса, жеңуге болатынын, сүйіншілеген-ді. Бірақ бүгін астаналық ауруханалардың бірінен Мақсұт Нәрікбаев дүние салғандығы туралы қаралы хабар жетті. Алғашқылардың бірі болып, марқұмның жақындарына Мемлекет басшысы, Мақсұт Сұлтанұлының жақын досы, замандасы, тілекшісі Нұрсұлтан Назарбаев көңіл білдірді. Сөзінде президент марқұмның елімізде заң сөзінің үстемдігі артып, құқықтық қоғамның орнауына қосқан өлшеусіз үлесі халықтың жадында мәңгілік,  деді.

Ләззат Қиынов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бәріміз де қиналып жатырмыз. Орны толмайтын жағдай болып жатыр. Адамның қолынан келетін іс-шара жоқ. Негізгі міндетіміз - ел азаматының қандай адам болғанын, ел үшін қандай шаруалар атқарғанын айтып, жастарға жеткізу.

Мақсұт Нәрікбаевтың атағы мен абыройы бір басынан асып, күллі ұрпағына жетерліктей. Өмірлік жолын Елбасымен бірге Теміртау қаласы, Карметкомбинаттың құрылысынан бастаған азамат түрлі жылдарда ең биік мемлекеттік мінберлерден көрінді. Қазақ елі егеменді мемлекет ретінде ес жиған 1992 жылы, президент аппаратында қызмет етті. Бас прокурор да болып, сот жүйесінің тізгінін ұстады. Мемлекетке 10 жылын сарп еткен ол 2000 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін басқарды.

Өмірбай Қыстаубай, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры:

Бір дауыс көтеріп ұрысқанын немесе бір адамға қатты зекігенін көрмегенмін. Қандай жиналыста болмасын, бір адамдар бар, енді қателіктерді жібермеуге тырысу қажет, жол бермеу қажет деген сияқты, нақты адамды зекіп ұрысқанын көрген жоқпын, және қанша жиналыс болғанда да, нақты бір адамның атын атап, түсін түстеп ұрысқан адам емес.

Қызметтес інісі Өмірбай Қыстаубай Мақсұт ағасының жомарттығын жақсы біледі. Алматыдан Астанаға жекеменшік оқу ордасына келген ұстаздар легінің алғашқысы болып Мақсұт Сұлтанұлының қолынан пәтер кілтін алған. Бірақ марқұмның өзі бұны жомарттық емес, міндеті деп білген.

Өмірбай Қыстаубай, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры:

Бұл тек қана бір қырын көрсететін. Адамгершілігі ретінде студенттердің, мысалы, оқу төлемі бойынша қиындықтарға кездескен кезде, немесе ата-аналар келген кезде, әр кез қолын созып тұруға болатын.

Әріптестерінің сөзінше, Мақсұт Сұлтанұлының ауыр дертінің алғаш белігісі де, ел ісімен Кереку жерінде, Батыр Баянға ескерткіш қоямыз деп жүргенде, қарапайым тамағына салқын тиюден басталыпты. Жаман дертке шалдыққанын мойындағысы келмеген азамат араға бірнеше күн салып Кореяға жеткенде, ауру ағза клеткаларының 60 пайызын жаулайды. Ол жақтан бір химиялық ем алған азамат, Құдайдың жазмышын қабылдап, келесі химиялық емнен бас тартып, аурумен медицинаның көмегінсіз бетпе-бет күресуге бел буады.

Өмірбай Қыстаубай, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры:

Алғашқы ауруға душар болған кезде Оңтүстік Кореяда, одан кейін Мексикада емделу нәтижесінде өзінің құлан таза айыққанын мәлімдеген болатын. Одан кейін жақсы жұмыста жүрген болатын, кейінгі осы 2-3 айда басқа ауру болса керек, деп ойлаймын, бірақ нақты бір осындай ауру себепші болды деп айту қиын.

Мақсұт Нәрікбаев өз күресін көпшілікке кітап қып баяндап, өнеге етті. Замандастары азаматтың өмірден ерте кеткенін, әлі де атқарар іс қалғанын айтады.

Сұлтан Сартаев, академик:

Осындағы білетіндер, танитындар, жолдастары, ғалымдар айналасында жүргендердің айтатындары: «Әттеген-ай, ертерек кетіп қалды ғой». Амал жоқ, бүгінгі күні біздің айтатынымыз: «Алдынан Алла жарылқасын».

Бүгін астаналық «Әзірет Сұлтан» мешітінде марқұмның қонағасы болып, ал ертең сағат 9:00-ден Қазақ ГЗУ-де қоштасу рәсімі өтіп, намазы шығарылады. Марқұм қай жақта жерленері туралы әзірге ақпарат жоқ. Ал оның туып өскен жері - Алматы облысы Талдықорған ауданы Еркін ауылы.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ