$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Шымкентте әлеуметтік ұн мен нанның нарқы көтерілді

AstanaTV
13.10.2015ж. 20:00
1130
Шымкентте әлеуметтік ұн мен нанның нарқы көтерілді

Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік нан бағасы қымбаттады. Бөлке нанның нарқы бүгіннен бастап өңірде 40 теңге болып белгіленді. Сауда нүктелеріне бұған дейін 35 теңгеден жеткізіліп, 37 теңгеден сатылып келген болатын. Бүгін үш теңгеге өсіп отыр. Сатушылардың айтуынша, наубайханалардан келетін нанның қымбаттауы ұн бағасына әсер еткен. Бірінші сұрыпты ұнның 1 келісі 58 теңгеге көтерілген. Яғни наубайханадағылар бір қап ұнды бұрынғыдан екі жүз теңгеге қымбатқа алып отыр.

Ауыл шаруашылық басқармасындағылардың мәліметінше, ағымдағы жылға әлеуметтік бидайды жеткізуге кететін шығындарға үкімет тарапынан бөлініп келген субсидия мөлшері азайып кеткен.

Нұрпапа Көпеев, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Қаңтар айында 1-тоқсанда облысқа жеткізілген әрбір тонна әлеуметтік астықтың тоннасына  12450 теңгеден субсидия төлесек, ол 2-тоқсанда 7200 теңгеге түсті. 3-тоқсанда 5000 теңгеге, енді осы 4-тоқсаннан бастап субсидия көлемі әр тоннасына 2500 теңгені құрайын деп отыр. Осының себебінен нанның бағасын көтеруге мәжбүр болып отырмыз. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ