Қазақстандық
тұтынушылардың құқықтары болашақта заңмен қорғалады, бірақ заң жобасының шикі
тұстары тым көп. Бүгін мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму
комитетінің мүшелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңына өзгерістер
енгізуді қарастыратын заң жобасын қатты сынады. Депутаттар құрылыс құжаттары
талапқа сәйкес келмейтін құрылысты жүргізуге кімнің рұқсат беретінін және оның
қолданысқа қабылданып қойғаннан кейін жарнамасына неліктен тыйым салынатынын
түсінбей әлек.
Сейітсұлтан Әйімбетов, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
Жобалық
құжаттары талапқа сай келмейтін құрылысы жүріп жатқан және қолданысқа берілген
тұрғын үй ғимараттарының жарнамасына тыйым салынады депсіздер. Егер де ол
белгіленген талаптарға жауап бермесе, оның құрылысына кім рұқсат береді? Заң
жобасының бұл тармағын не үшін енгіздіңіздер?
Заң
жобасын таныстыра келген Ұлттық экономика министрлігінің мамандары, шынымен бұл
тармақтың қисынсыз екенін мойындап, болашақта түзетіледі деп сендірді.
Депутаттар түсінбеген тағы бір мәселе - жауапты мемлекеттік органдар өкілдігі
жоқ шалғай елді мекендердегі тұтынушылардың құқықтарының қорғалуы.
Айта
кетейік, 2013 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен Ұлттық экономика
министрлігіне бұрын өзге мемлекеттік органдардың құзыретінде болған
тұтынушылардың құқықтарын қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың
сақталуын қадағалау жауапкершілігі берілген-ді. Депутат Сейітсұлтан Әйімбетов
сенімсіз сөйлеген министрлік өкілдерінің не үшін келгендерін естеріне салды.
Сейітсұлтан
Әйімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Тұтынушылардың
құқығын қорғайтын заң қазақстандық заң болуы тиіс, сіздер айтып отырғандай, шет
елдік модель емес. Бұл заңмен сіздер бүгін жұмыс атқармай отырған механизмдерді
жетілдіріп, өздеріңізге қосымша құзырет алғыларың келіп отыр. Міне, заң жобасы
осы жайында. Заң жобасы сіздер үшін, бірінші кезекте, тұтынушылар үшін
емес. Соны айтпайсыңдар ма, соған келтіре алмай отырсыңдар.
Қызу
пікірталастан соң заң жобасын жұмыс тобында жетілдіру керек деген қорытынды
жасалды. Депутаттар құжаттағы бас-аяғы 46 тармаққа 123 түзету енгізді.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ