$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Қаржы дағдарысы қыспаққа алған әлем елдері жаппай үнемдеуге көшіп жатыр

AstanaTV
13.10.2015ж. 20:00
1751
Қаржы дағдарысы қыспаққа алған әлем елдері жаппай үнемдеуге көшіп жатыр

Қаржы дағдарысы қыспаққа алған әлем елдері жаппай үнемдеуге көшіп жатыр. Мысалы, Бразилия Олимпиада шығындарын қысқартса, АҚШ түрмелері бос қалатын түрі бар. Қиын-қыстау кезде Қазақстанға қайтпек керек? Осы орайда отандық сарапшылар өз ойларымен бөлісті.

Американың әділет министрлігі жуырда 6 мың адамды түрмеден босатады. Кезінде есірткі саудасымен қолға түскендер қазан айының соңында босатандыққа шығады. Осылайша Құрама Штаттар түрме «тұрғындарын» бағып-қағуға кететін ақшаны үнемдемек.

Ал Бразилия Олимпиада шығындарын үш есеге қиып тастады. Әу баста шараны өткізуге 3,6 млрд доллар қаралған. Былтыр ел жастары қарсылық шерулерін бекер өткізбесе керек. 

Дағдарысқа Германияның өзі төтеп бере алмай жатыр. Федералды үкімет әлеуметтік төлемдерді қысқартуға кірісті. Жұмыссыз шетелдіктер жарты жылдан соң нан табу үшін қимылдай бастайды. Жәрдемақылар енді төленбейді.

Араб шейхтері де үнемдеуге көшті. Мұнай бағасының құлдырауына байланысты, кейбір мемлекеттік жобалар тоқырауға түседі. Ал НАТО-ға мүше жеті бірдей ел қорғанысқа бөлінетін қаржыны қысқартпақ. Әзірге Норвегия, Оңтүстік Корея және Австралияның жағдайы көш ілгері. Рейтингте Жапонияға да тықыр таянғаны көрініп тұр. Дағдарыс Италияға ауыр соққы болады. Бұл тізімде Қытай жоқ.

Ал Қазақстанға келсек, ақпарат құралдары бірнеше сарапшының пікірін келтірген. BRB INVEST-тің бас директоры Ғалым Құсайынов, бизнесті дамытуға ден қою қажет, дейді. «Оған капитал тарту, нарықта теңгеге сұранысты арттыру, ол үшін пайыздық бағамдарды төмендету және бизнесті салық салмағынан босату қажет», - деп санайды. «Эковатт» серіктестігінің қаржылық директоры Саян Қамбаров, билік шығыны көп, шет ел валютасына қымбат құрылғылар сатып алуға мәжбүрлейтін имидждік мега жобалардан бас тартуы тиіс, дейді. Оның сөзінше, онсыз да мемлекеттің қатысумен іске асуы тиіс біраз инвестжобалар кейінге шегірілді. Мысалы, «Балқаш» жылу электр стансасын салу.

Қалай болғанда да, елімізде әлеуметтік міндеттер бұрынғыдай қалатыны сан мәрте айтылды. Жыл басында биылғы бюджет 700 млрд теңгеге қысқарғаны хабарланған. Оның қысқы универсиада, Алматы метросының құрылысы секілді ірі жобаларға қатысы бар. Ал үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы, «Нұрлы жол» және «ЕXPO-2017» нысандарын салуға ешбір дағдарыс кедергі емес делінген. 

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ