Алматыда «жол ережесін бұзды» деп айыпталып, жүргізуші
куәлігінен айырылған әйел әкімшілік соттың үстінен прокуратураға шағымданбақшы.
Елена Сосновцеваны жол инспекторлары жолдың қарсы бағытына шығып кетті деп,
хаттама толтырып, істі сотқа өткізген. Алайда, Елена сот істің ақ-қарасын ажыратпастан, 1 жылға
жүргізуші куәлігінен айырғанына наразы. Ал заңгерлер мұны сот орындарының
қателігі деп отыр.
Елена
қыркүйектің 22-сі күні Алматы-Құлжа тас жолында өзін қарсы бағытта келе жатқан
жол-патрульдік полициясы тоқтатқанын айтады. Жол сақшысы қарсы бағытқа шығып
кеткенін ескертіп, хаттама толтырған. Бірақ көлік жүргізушісі полиция
инспекторының таққан айыбымен келіспейтіндігін айтып, кінәсін
мойындамаған.
Елена Сосновцева, жүргізуші:
Инспектор
маған қарсы бағытқы шықтың деп, негізсіз айып тақты. Шын мәнінде, мен жолды екіге бөлген сызықты баспастан, алдымдағы КАМАЗ көлігін айналып өткен едім. Алайда өзін дөрекі ұстаған
инспектор, менің үстімнен хаттама толтырып, істі сотқа жолдады.
Жиырма жылдық тәжірибесі бар жүргізушіні жол инспекторының емес, сот орындарының
салғырттығы қынжылтады. Еленаның айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылғаны жөнінде қаулы
шыққанынан хабардар еткен. Мұны соттың канцеляриялық кеңсесі де растайды.
Елена
Сосновцева, жүргізуші:
Мен
бастапқыда-ақ хаттамада инспектордың шешімімен келспейтінімді көресеткен едім.
Ендеше неге судья мені сот отырысына шақырмайды? Қорғаушыны, куәгерлерді
шақырып істі зерттеуі тиіс еді ғой.
Бірақ оның ешқайсысын істемей, сыртымнан бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру
туралы шешім шығарғаны түсініксіз.
Заңгерлер әсіресе жол жүру ережесіне қатысты істерді қарау кезінде сырттай
шешім шығару үрдіске айналғанын айтады. Заң бойынша кез-келген сот процесінің
алдында сот қатысушыларына құлақтандыру жолдануы міндетті. Бұл туралы Әкімшілік
құқық бұзушылық туралы заңның 744 бабында да көрсетілген.
Михаил
Кленчин, заңгер:
Егер
іс құқық бұзушы тараптың қатысуынсыз немесе алдын ала ескертусіз қаралса,
процессуалдық заң бұзушылық болып табылады. Ал ондай шешімнің күшін жоғарыдағы
сот орындары жоя алады. Сосын іс қайта қаралады.
Алайда аталған істі қараған сот өкілінің айтуынша, электрондық құлақтандыру
жүйесі арқылы сотқа қатысушы тараптарға екі рет шақырту жіберіледі. Келмеген
жағдайда, заң сырттай шешім қабылдауға құқық береді.
Бақытжан
Тәжіханов, Алматы қалалық ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:
Бірінші кезекте судья тараптардың барлығын сотқа шақыру үшін, бар мүмкіндіктерді
пайдалануы тиіс. Ол үшін қазір байланыс құралдары дамыған. Ал істе дау
туындататын жәйттер болса, сот отырысын басқа уақытқа белгілейді. Егер сотқа
шақыртылған адам келмесе, сот қазысы сырттай шешім қабылдап, материалды
уақытында жабуға міндетті.
Әкімшілік
сотта қаралатын істердің 80 пайызы жол ережесін бұзу және көшелердегі көлік
апаттарымен байланысты, дейді мамандар. Алматыда өткен тоғыз айда 225 мыңнан
астам жол жүру ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде 400-ге жуық хаттама
жолдың қарсы бағытына шыққаны үшін сотқа жолданыпты. Ал әкімшілік сот Елена
Сосновцеваға қатысты талас тудырған мәселені 15 қазанда қайта қарамақшы.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ