Ресей
Қытаймен сауда-саттық жүргізу үшін Қазақстанның инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін
пайдалануды көздейді. Бұл туралы бүгін Ресей президенті Владимир Путиннің
елімізге жасаған мемлекеттік сапары кезінде айтылды. Нақтырақ айтсақ, Ресей
Қазақстан арқылы Қытайға өтетін мұнай құбырлары мен Каспий теңізі бойымен Парсы
шығанағына жол ашатын жаңа темір жол торабын пайдалануға ниетті. Күрделі
әлемдік экономикалық жағдайдың салдарын жеңілдетуге бағытталған одақтастардың
біріккен іс-әрекеті жайында тілші материалында.
Бұл
Ресей басшысының жыл ішіндегі Астанаға алғашқы сапары емес. Қос президент бір
жылда 12 рет кездесіп, 11 рет телефон арқылы тілдесіпті. Бүгінгі ресми
кездесуде қос тарап күрделі әлемдік экономикалық ахуалдың салдарын барынша
жұмсарту жолдарын ойластырды.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Экономикалық
жағдайдың салдарын бірлесе жұмсартудың бір жолы - Қазақстан арқылы Қытайға жатқан
транзиттік мұнай құбырлары. «Хвалынское» кен орнын бірлесе өңдеу. Көмір
өнеркәсібі бойынша серіктестік. Каспий теңізі бойымен Парсы Шығанағына шығатын
жол, және Батыс Еуропа-Батыс Қытай инфрақұрылымдары бойынша да қызметтесеміз.
Ресей
басшысы құрылысы аяқталуға жақын Еуропа мен Қытайдың батысын байланыстыратын
дәліздің жайын сұрастырған сыңайлы. Бүгінгі саяси-экономикалық жағдайда Ресейге
Қытайдың алып нарығына төте жол қажет. Бүгінгі кездесуде президенттер мұнай
саласында Каспийдің солтүстік түбін межелеу хаттамасына өзгеріс енгізу туралы
келісімге қол қойды.
Владимир
Путин, Ресей президенті:
Бұл
келісім екі мемлекетке «Центральная» құрылымындағы үлкен көмірсутек кен
орындарын өндеуге мүмкіндік береді.
Демек,
Қазақстан мен Ресей Каспийдегі кен орындардың жаңа көздерін іздестірмек. Ресей
президентінің кеңесшісі Юрий Ушаков бұл келісім Ресейге Каспийдің «Центральное»
кен орнын барлау мен мұнай өндіруіне 25 жылға рұқсат береді деген-ді. Одан
бөлек бүгін қол қойылған тағы бір құжат - Ресейдің «Домбаровский» пунктінен
зымыран ұшыру жөніндегі келісім. Тағы сол Ушаковтің айтуынша, Қазақстан зымыран қалдықтарының біздің
жерімізге түсуіне қарсы емес. Оның құны Ресейге жылына 460 мың долларға түседі.
Кездесу
күн тәртібінде геосаяси мәселелер де бар. Бұл жолы Украина дағдарысы «Минск
келісімдерімен реттелуі керек» деп қысқа қайырылды. Ал Сирия бойынша Нұрсұлтан
Назарбаев Ресей операцияларының «сүннит» мұсылмандарға қарсы соғыс деп
бағалануына алаңдаушылық білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір
«сүннит» және «шиит» мұсылмандар мәселесін өршітіп жатқан әңгімелер көбейді.
Олар мүлдем негізсіз. Себебі Сириядағы жағдай - барша адамзаттың қаупі. Әсіресе,
орталық азия өңіріне. Біз Түркіменстан шекарасында болған жағдайдан
хабардармыз, Тәжікстан да оған алаңдаулы.
Қазақстан
басшысы қате талықалауды біржола доғару үшін, «Ислам терроризмге қарсы»
халықаралық форумын өткізуді ұсынды. Владимир Путин де бұл бастаманы қолдайды.
Ресейдің Сириядағы әрекетіне қатысты АҚШ-тың сынына Путиннің жауабы дайын әрі
қысқа болды.
Владимир
Путин, Ресей президенті:
Басқа
айтар тұщымды әңгіме болмаған соң, солай деп жатқан шығар. Дегенмен біз келелі
келсіссөздер жүргізуге дайынбыз, оның ішінде америкалық әріптестермен де.
Ресей
басшысы бүгін сондай-ақ Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысын
бастайтындықтарын ашық айтты. Бұған дейін жоба құрылысын Жапония не Қытай
жүргізуі мүмкін екендігі айтылған-ды. Демек, бұл мәселе бойынша біржақты шешім
бар.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ