$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Ақтөбе облысында жемқорлық қылмыс үш есе өскен

AstanaTV
15.10.2015ж. 20:00
1104
Ақтөбе облысында жемқорлық қылмыс үш есе өскен

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметінен кетуі керек. Мұндай ұсыныс «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды. Онда мемлекеттік қызмет отбасылық бизнеске айналып, өңір шенеуніктері жемқорлыққа белуардан батқаны мәлім болды. Жымқырып үйренгендер Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға Ұлттық қордан бөлінген қаржыны ұрлаудан да жүрексінбеген. Ысырап болған қаражат миллиондап саналады. 

«Нұр Отанның» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі жиында жемқорлардың жегенін желкесінен шығарды. Ұлттық қордан бөлінген миллиондардың, Ақтөбе өңіріне жеткенде, құмға сіңген судай болып жатқанын әшкереледі. Өткен жылы жемқорлық қылмыс саны 44 болса, биыл жыл басынан 126 қылмыс анықталды. Бюджеттің ақшасымен қомдалған республикалық бағдарламаларды игеруде бармақ бастылық белең алған.

Михаил Трошихин, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жүзеге асырылғанынан бері 15,3 миллиард теңге бөлінген. Қаржыны игеруде заңбұзушылықтар анықталды. Білім беруді дамыту бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 1 млдр 372 млн теңге аударылды. Қаржылық бақылау инспекциясы 44 млн теңгені игеруде қылмыстық фактілерді тапты. 

Нұротандықтар Ақтөбе қаласының әкімдігіне инженерлік желілер құрылысына Ұлттық қордан бөлінген 30 млн теңгенің тиімді игерілетініне де күмәнмен қарайды. Құны 1 млдр 105 млн теңге болатын 600 орындық мектептің электронды түрде жүргізілген конкурсы да заңбұзушылықтармен өткен.

Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет отбасылық бизнеске айналғанын да әшкерледі. Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, облыс әкімінің орынбасары лауазымды қызметтерге өзінің ұлы мен келінін тағайындап, жұмсақ креслоларға жайғастырған көрінеді.

Нұрлан Ерімбетов,  «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Нұрқатова Сара деген бар ма? Ол білім беру мен әлеуметтік мәселелерді қарайды. Неге оның туған ұлы облыстық білім беру басқармасы төрағасының орынбасары болып отыр? Бұған дейін ол жастар ісі бойынша басқарманы басқарды. Ал ол жастар ісі бойынша басқармадан кеткенде, орнын әйелі басты. Бұл не қылған отбасылық бизнес? Сіздер партиялық баға бердіңіздер ме?

Нұрхан Ақниязов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Облыстық білім беру басқармасы төрағасының орынбасары бір ай бұрын ғана тағайындалды. Ол жігіт мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте тиісті тексерістен өтті, конкурс болды.

Қоғамдың кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов облыстық филиал өкіліне партиялық тексеріс ұйымдастыруды тапсырды. 

Қайырбек Сүлейменов, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

А на месте этой женщины, замакима области, я бы подал в отставку.

Бүркемесі ашылып, қылмыстық бетперделері сыпырылып қалған фактілердің барлығы құқық қорғау органдарына жіберілді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ