$518.97 €607.3 ₽6.64
×

«Тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті

AstanaTV
15.10.2015ж. 20:00
1104
«Тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті

Үлескерлер қаражатына кепілдік беретін қор құру қажет. Ол «Қазақстанның ипотекалық несиелерді кепілдердіру қоры» аясында іске асуы тиіс. Мұндай ұсынысты «Тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты. Заң жобасында: егер де құрылысшылар өзіне алған міндеттерді абыроймен орындамаған жағдайда, қор үлескерлереге құрылыс жұмыстары соңына дейін жүргізілетініне кепілдік береді.

Өз кезегінде  үкімет құрылысшыларды  міндетті жарна төлеуге міндеттемек. Ал құрылыс компанияларына үлескерлік үй салуға рұқсатты жергілікті атқарушы органдар беретін болады. Сондай-ақ құрылысшылар тұрғын үйдің қаңқасын толық салып бітірген соң ғана, үлескерлерді тартуға құқылы болмақ.

Құрылысшыларға қойылатын тағы бір талап тәжірибеге қатысты. Яғни құрылыс компаниясы 5 жыл ішінде кем дегенде 1000 пәтер салуы шарт. Десе де, халық қалаулылары бұл жобадан көп шикілік тапты. Бірі, кепілдендіру қорын құрсақ, құрылысшылар арқасын кеңге салады десе, енді бірі құрылысшыларды жақтап шықты.

Сейітсұлтан Әйімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Құрылысшы бір мың пәтер салу керек дейсіз. Сонда ертең мүлдем құрылысшыларсыз қалмаймыз ба? Өйткені 1000 пәтер салып жатқан құрылыс компаниялардың саны саусақпен санарлық. Енді ғана іске кірісіп жатқандарды өзіміз  тұншықтырмаймыз ба? Екінші мәселе жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Осы орайда коррупцияға  жол бермейміз бе деген заңды сұрақ туындайды?

Ұлттық экономика вице-министрі ескертулерді орынды дейді. Барлық кемшіліктерді жұмыс тобының отырыстарында қарастыратын боламыз деп сендірді. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА