$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Тобыл өңіріндегі үй құрылысы комбинаты тоқыраудың алдында тұр

AstanaTV
15.10.2015ж. 20:00
1136
Тобыл өңіріндегі үй құрылысы комбинаты тоқыраудың алдында тұр

Ал Тобыл өңірінде былтыр іске қосылған Үй құрылысы комбинаты биыл жұмысын тоқтатуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жалғыз баспананы салып біткен соң, кәсіпорындағы 300-ге жуық адам жұмыссыз қалмақ. «Өйткені жергілікті билік тарапынан тапсырыс жоқ»,- дейді өндіріс ошағының өкілдері. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асқан игі жоба неге игіліксіз болды? Заңғар Санай  толықтырады.

Бір жыл бұрын бой көтерген жаңа зауыттың бүгінгі ахуалы мәз емес. Жылына 70 мыңға жуық шаршы метр баспана салуға қауқарлығы жететін комбинаттың қазіргі таңдағы қуаттылығы 10 пайыздан аспай тұр. Ал мемлекеттік тапсырыс болмаса, кәсіпорын жұмысы мүлдем тоқтап қалуы мүмкін.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасын Қостанайда қарқынды жүзеге асыру үшін салынған комбинатты өткен жылы Елбасының өзі іске қосты. Ірі кәсіпорынның құрылысы мен заманауи құрал-жабдықтарына 4 миллиардтан астам қаражат жұмсалған. Алайда, су жаңа зауыттың ісі ілгері баспай тұр.

Маиль Тороян, үй құрылысы комбинатының директоры:

Комбинат жұмысын бастаған кезде Қостанай қаласына жыл сайын 200 мың шаршы метр баспана салыну керектігі айтылды. Алайда, біздің кәсіпорынға жалғыз экспериментальды үйді салу бұйырып отыр. Ары қарай не болары белгісіз. Ол жағын қала және облыс басшыларынан сұрау керек. Өйткені әлі күнге дейін тендер өткізілген жоқ.

Ал қала әкімі Базыл Жақыпов тендер туралы тіс жармады.Тек бағаны төмендетуді ұсынды. Мәселен, комбинат баспананың әр шаршы метрін салуға 150 мың теңге сұрап отыр. Әкімнің айтуынша, бұл бағаны 80 мың теңгеге дейін түсіруге болады.

Базыл Жақыпов, Қостанай қаласының әкімі:

Егер де жаңағы рыноктан төмен бағамен үй салатын болса, сонда бұл комбинаттың болашағы болады деп есептейміз.

Бірақ шикізатты шеттен әкелетін кәсіпорынға шаршы метрдің бағасын кеміту құрдымға кеткенмен бірдей. Өйткені өзге мемлекеттер өткен жылдан бері өз өнімдерін екі есеге қымбаттатып жіберді, - дейді комбинат өкілдері.

Валерий Мазур, үй құрылысы комбинатының атқарушы директоры:

Біз шикізатты түгел  шетелден аламыз. Мәселен, цементті алғашында 1 тоннасын 9 мың теңгеге сатып алдық. Кейін 12 мың, ал қазір 17-18 мыңға дейін жетті. Металлды да Ресейден жеткізеді. Құрал-жабдықтардың бөлшектері шетелден әкелінеді. Шикізат қымбаттаған сайын, бағаны төмендетсек, мүлдем құрдымға кетеміз ғой.

Кәсіпорын басшылығы қыруар қаражатқа салынған комбинаттың жұмысын тоқтатпау жолдарын қарастырып жатыр. Тіпті тапсырыс болса, өзге де өңірлерге жылдам әрі жылы баспаналар салуды көздеп отыр.

Заңғар САНАЙ