$543.24 €619.89 ₽6.78
×

Қарағандыда жиһадшылар туралы тұңғыш қойылым сахналанбақ

AstanaTV
15.10.2015ж. 20:00
Қарағандыда жиһадшылар туралы тұңғыш қойылым сахналанбақ

Актерлар терроризммен күреспек. Қарағандылық әртістер елімізде тұңғыш рет «жиһадшылар» мен оларға алданып, опық жеген қазақ жастары туралы деректі қойылым дайындап жатыр. Сирияда қаза тапқан жас отбасы жайлы «Адасқандар» драмасын сахналауға дайындық қызу жүріп жатыр. Шындыққа негізделген туындының репетициясына біздің түсіру тобымыз да қатысып қайтты.

«Адасқандар» драмасы Ислам дінін жамылған террористерге еріп, Сирияға баласымен көшіп кеткен жас отбасы жайлы. Ақша мен байлықты аңсаған ерлі-зайыпты Баянғали мен Нұргүл алданғандарын кеш біледі. Ақыры бір отбасы «жиһадшылардың» қолынан қаза табады.

Сламбек Жұмағали, «Адасқандар» драмасының режиссері:

Ислам дінін желеу етіп, Сириядан біз не аламыз? Өз еліміздің жастары, патриоттық сезімін оятып, Алланың ақ жолымен жүргенін қалап, осы шығарманы ұсынып отырмыз.

Қойылымға арқау болған дүние, шынайы өмірден алынғандығымен ерекше. Туынды авторы аймаққа белгілі актер - Кеңес Жұмабеков, жапа шеккен отбасылармен кездескенін, негізгі ақпараттарды солардан жинағанын, айтады.

Кеңес Жұмабеков, «Адасқандар» драмасының авторы:

Сеніммен, наныммен барғандары шындық. Ұлытау, Сәтпаев жақта күйеулері сол жақта қайтыс болып, қайтып келгендер де бар.

Дін мен терроризмнің ара жігін ажырата алмай адасқандарды сомдау, әртістер үшін оңай болмапты. Олар: "Арабша сөздерді діни кеңесшінің көмегімен әрең үйрендік", - деп отыр. Жас актер Амангелді Мұқашов бұл қойылымнан үлкен сабақ алғанын жасырмайды.

Амангелді Мұқашов, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі:

Бұл енді жанымызға, жүрегімізге ауыр болды. Түсінгенім, дінге фанат болмайық, дұрыс жол таңдайық, келіңіздер!

Ал актрисалар қара түсті паранжалардан қорқады. Тіпті бой үйрете алмай жүр екен.

Кәмшат Үйсінбаева, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі:

Ең алғаш кигенде шошып кеттім. Өзіме жараспаған соң ба? Қыздарға айтқым келеді: Дұрыс жолдан адаспаңыздар!

«Адасқандар» драмасының тұсауы осы сенбіде кесілмек. Кейін туындыны барлық ауыл-аймақтарда сахналау жоспарланып отыр.

Айжан ҚУАШ