$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Трамвай апаты «Машиналар көтерілісі» ме? Жоқ әлде...

AstanaTV
17.10.2015ж. 20:30
1126
Трамвай апаты «Машиналар көтерілісі» ме? Жоқ әлде...

Осы аптада Алматыда  трамвай басқарусыз қалып, жолындағы 14 көлікті жайпап өтті. Шүкір, кісі өлімі жоқ. Сорақысы - бір айдың ішінде мұндай оқиға екінші рет болып тұр. 

Төлеген Есіркеп, зардап шегуші:

Қатты шум-гам болып кетті. Артқы айнама қарасам, трамвай ызғып келе жатыр. Жолындағы барлық машинаны соғып, жан-жағын сырып, тура маған келді де, менің артқы сол жағымнан қатты ұрды. Машина біраз жерге ұшып кетті.

Сол жерде  болған көліктің бейне-тіркеуішіне түсіп қалған видеода трамвайдың жүйткіп келіп, жолдан шығып кеткені көрінеді. Тағы сол - трамвайда жүргізуші жоқ.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қазіргі таңда мәлім болғандай, бұл апат салдарынан екі адам зардап шегіп, ауруханаларға жеткізілген болатын. Басқа адам шығындары жоқ, абырой болғанда. Тағы да алдын-ала мәлімет бойынша, оқиға болған сәтте трамвайдың ішінде жүргізуші болмаған.

Қазаның 13-де,  21-қыркүйекте болған оқиға айна-қатесіз қайталанды. Ол кезде де трамвай 14 көлікті жапырып, сол уақытта да  5 адам жарақат алған болатын.

БЛИЦ:

Бізде қанша болды, жаңа трамвайлар жоқ ғой, жүргізушілер, қашан қарасаңда, шығып бір нәрсесін жөндеп жатады. Әрине, трамвай керек, бірақ жаңасы.  Барлығына тәжірибесіз жүргізушілер кінәлі. Кеше адамдар мен қаншама көлікті жайпап тастады. Оқымағанның салдары осының бәрі.

Іргетасы1937-ші жылы қаланған орталық трамвай депосында 17 трамвай бар. Олар қазір тек екі бағыт бойынша қатынайды. 

Дәурен Сыбанбаев, №4 трамвай жүргізушісі:

Бізде көп көшелерде қоршау жоқ, арнайы трамвайға. Сондықтан жеңіл көліктер кедергі жасайды. Негізі трамвайды тастап кетпеу керек, ішінде бір адам отыру керек. Ол ойыншық емес. 

Екі оқиға барысында да  трамвай жүргізушілерінің рульде отырмауы жұртты «түк білмейтіндер, оқымағандар» деп, ашуландырып отыр. Трамвай қозғалысы керек пе, керек болса, оны қайтіп қауіпсіз ету қажет – ден бастап, жалпы жолдағы көп жүргізушінің тәртіпсіздігі, адам өмірі ойыншық сияқты болып кеткен уақыт... әдеттегідей кешенді мәселелер шоғыры шыға келді. Әйтпесе «машиналар көтерілісі» басталатындай сана тым «ауып» кеткен жоқ ғой – қиял-ғажайып шындыққа жақындай түссе де. Бұл жерде мәселе тұрмысты, қозғалысты, жүріс-тұрысты барынша қолайлы ете алмай отырған өзіміздің берекесіз бюрократияда шығар.