Енді біздің тіршіліктің түйткілдерінің қалай шешілетініне жарқын мысал. Шығыс Қазақстан облысында бұзылған үш көпірдің кесірінен үш елді-мекен жұртының жанын шүберекке түйіп отырғанын әкімдер біледі. Бірақ жөндемейді. Сосын ғой елдің «жемқорлар, парақорлар, бюрократтар» деп ашуланатыны... Ирина Якунина мен Азамат Алдоңғаровтың репортажы.
Шығыс Қазақстан облысында көктемгі селмен шайылған үш бірдей көпір күні бүгінге дейін жөнделмеген. Риддер қаласы маңындағы Тишинский елді мекенінің тұрғындары күнделікті тәуекелге баруға мәжбүр. Бұзылған көпір ауыл адамдарын судың арғы бетіндегі мектеп, аурухана, дүкен мен поштаға, тіпті жұмысқа қатынауын қиындатты.
Александр Казанцев, Тишинский ауылының тұрғыны:
Судың қалыпты бағытын бұрып, ағын айнала келіп, арғы жағаны шайып, талдың барлығын жайпап, селмен келіп көпірді қиратты.
Жөндеу жақын арада жасалмайтынын түсінген тұрғындар, қолда бар құрылыс материалдарынан уақытша көпір жасап алған. Алайда ол бір жаздың ішінде салмақтан иіліп, қирауға жақын. Су болған тақтайлар алғашқы аязбен мұз жамылып, жүру мүлдем қауіпті болып кетті. Татьяна Виноградованың алты жасар қызы сондай таңның бірінде тайып, суға кете жаздаған. Абырой болғанда Татьянаның өзі құтқарып үлгеріпті.
Татьяна Виноградова, Тишинский ауылының тұрғыны:
Таңғы қырау болған. Құлап бара жатқан қызымды ұстап үлгердім. Басқаша жағдай орын алғанда ол үшін кім жауап берер еді?Осыған жауапты адамдар не ойлап отырғанын білмеймін.
Ал Риддер әкімдігі Тихая өзені үстіндегі көпірдің тіпті қожайыны жоқ құрылыс екенін айтады. Картада өзен бар, бірақ ешқандай көпір белгіленбеген. Сондықтан жергіліктің шенеуніктер -жоқ көпірге ақша да жоқ- деп жауап берді.
Сергей Харченко – Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
Бюджеттен қаражат бөле алмаймыз. Бұл заң бұзушылық, жемқорлық болады.
Ал Зырянға жақын Снегирево ауылында бұзылған көпір республикалық маңызы бар күре жолда жатыр. Десе де, ол да жөндеусіз. Ауыл тұрғындары мал шығыны мен су басқан үйлердің өтемақысын алып үлгерді. Үй жөндеуге облыстық бюджеттен 96 млн теңге бөлініпті. Ал мынау сол кездегі облыс басшысының берген уәдесі.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Аударма: Ең бастысы жерлестеріміз уайымдамасын. Бір айдың ішінде барлығы қалпына келтіріледі. Абай, Тарбағатай, Бесқарағай аудандарында да жұмыстар жүргізіледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Менің орынбасарым ертең тиісті ведомстволармен кездесіп, үкіметтен қалпына келтіру жұмыстарына қосымша қаражат бөлу жайын келіседі.
Алайда өңір басшыларының үкімет пен жол
жөндеуге жауапты мердігер компанияларға сөзі өтпеген сынды. Облыстық әкімдік
«республикалық тас жолдардың жөндеуін «Қазақавтодор» ұйымы республикалық бюджет
есебінен жүргізуі тиіс» деген жауап берді.
Ал мына
Привольное ауылының айналма жолы «Өскемен-Семей-Павлодар-Астана» арасын
жалғайтын жолға айналды. Жергілікті тұрғындар оны қалжындап «өмір жолы» деп
айтайды. Қазір өзен ағыны тыныш. Бірақ
жол жөнекей ұзындығы алты метр көпірді бір сәтте ағызып әкеткен жойқын су
көпшіліктің әлі есінде. Ауылға 1 млн текше метр су келген еді. Жергілікті
азаматтар көпір ашық-жарықта жөнделмесе, келесі көктем көпірді түбегейлі
құртады дейді.
Федор Самсоненко, Привольное ауылының тұрғыны:
Арғы бетте оннан астам бақшаны су шайды. Су сақтайтын бөшкелеріміз үй-күйімізбен бірге Ертіске кетті. Привольное аулының соңғы жиналысында көпшілікке қысқа дейін көпір жөнделеді деген уәде берілді.
Назерке Мұқанова, Привольное ауылының тұрғыны:
Істейміз дейді, бірақ уақыт тығыз, оның сапасы қандай болады. Кезекті селге ол төтеп бере ме, жоқ па, оны ойлаған ешкім жоқ.
«Қазақавтодордың» Шығыс Қазақстандық филиалында қираған көпірлерге бөлінген қаражат құпия ретінде айтылмайды. Басшылық біресе «уақыт жоқ» деді сосын «шұғыл іссапарларға кеттік» деді, әйтеуір түсініктеме беруден қашты. Ал жазбаша сұрауымызға жауап бермеді.
Ал Тишинский ауылының тұрғындары енді «қауырт» қызметтен қолы тимейтін басшылардың көмегін күтпейді. Жергілікті «Атымтай жомарт» жөндеу жұмыстарына өз қалтасынан 20 млн теңге бөліпті. Жаңа көпірдің жобасы мен мердігер белгіленді. Құрылысшылар күн ашық болса бір жарым айда жұмысты бітіреміз дейді.
Федов Шевцов, мердігер компания директорының орынбасары:
Су өткізу мүмкіндігі бұрынғыдан кеңірек, толқын кесетін бөгеттері бар көпір саламыз.
Жоспар бойынша Тишинский аулының тұрғындары
желтоқсанда су жаңа көпірмен жұмыс, мектеп, дүкеніне емір-еркін жетуі тиіс. Ал
Привольный мен Снегирево ауылдарының жоспары
да, үміт етер «жомарты» да жоқ. Жалғыз «қысқа дейін қам жасаймыз» деген уәде
бар...
Ирина Якунина, Азамат Алдоңғаров
«Біздің уақыт»