Осы аптада екі азамат мәңгілік мекенге аттанып кетті. Мақсұт Нәрікбаев пен Нұрлан Балғымбаев. Журналистік жолымда екеуінен талай интервью алғам. Алдымдағы білетін ағалардан асып не айтайын - атпал азаматтар...
Көктемде Мақсұт Сұлтанұлының қатерлі ауруға шалдығып, ем қабылдап келгенін және «Ракты қалай жеңуге болады?» деген кітапты аудартып басқызып, таратқанын естіп сұхбат алғым келді. Себебі білесіздер ғой, мұндай ауруын адамдар айтқысы келмейді. Оның себебі біздің қоғам рак ауруына ұшыраған адамға жұқпалы ауру тарататындай қарайды. Ал морт сынбаған, керісінше, «бұл бір сынақ» деп күресуден жалықпаған талай адам талай жыл өмір сүреді. Емге көнбейтін рак түрлері де бар, әрине... Әйтсе де «Өзгелерге ізгілік таныт, өзің дәрігерге ылғи қаралып тұр және күйреме!» деген реңкте әңгіме айтылса деген оймен ұсыныс жасағанымда, бәлсінген жоқ, бірден келісті. Мақсұт Сұлтанұлына жабысқан кесел өте күрделі етін. Соған қарамай, салқын ақыл, риясыз юморын, оптимизмін жоғалтқан жоқ... Сол интервьюден үзінді. Сұхбат сәуірдің 25-де шыққан еді...
Нұрлан Балғымбаевтың қазасынан кейін жарияланып жатқан еске алулардың арасында Зейнолла Кәкімжановтің жазғаны ерекше әсер етті.
Тоқсаныншы жылдардың соңғында Нұрлан Өтепұлы Министрлер Кабинетін басқарғанда Зейнолла Кәкімжанов Мемлекеттік кірістер министрі еді. Мұнайдың бір баррелі 8 долларға түскенде жұмыс істеген уақыттың қандай қиын болғанын еске ала келе, «Менің Премьер-министрім үшін әр минут сайын қабылдау керек ауқымды шешімдер мен үлкен жауапкершілік жүгінен әрбір күннің салмағы өте ауыр болатын» - деп жазған...
Тәжірибесі аз болса да, өте белсенді және өз позициясы бар министрлерді басқарып, кабинеттің жұмысын үйлестіре алғанына ырзалығын білдіреді. Нерв талшықтарының әр минут сайын «жанып» кеткенін көрген...
Кәкімжанов, -ауыр аурулардың себебі күйзеліс-стресс болатынын білеміз- дей келе, әсіресе сол жылдардың Нұрлан Өтепұлы үшін ең қиын уақыт болғанына тоқталып, оның өзін өте лайықты деңгейде ұстағанына ілтипат білдіреді...
Бір жыл бұрын ...диагноз қойылған. Үміт болған. Бірақ 5 ай бұрын онша «жақсы емес» тенденция байқалады...
Мына сурет тамыздың 4-де түсіріліпті. Кәкімжанов Түркияда реабилитациялық курстан өтіп жатқан ескі досының көңілін сұрап барған. Суретте Нұрлан Өтепұлы сол баяғыдай – сұлу, сырбаз, күшті қалпы. Ал Зейнолла Кәкімжанов жанында болғанында ...Ажал туралы әңгімелескендерін жазады. «Ол өлімге дайындалды, мерзімін де білді. Онсыз да уайымға салынған жақындарын жылата бермеу үшін өзін өте сабырлы ұстады. Мен оған өлім жайлы қалай ойлап, оны қалай қабылдау керектігі туралы соңғы тәлімдері үшін ырзамын. Өкінішке қарай, біз өлім жөнінде айтуға қорқамыз. Бірақ саған біреу сол туралы тәлім берсе, ол өмірде алған өте бағалы сабағың...»
Жазбаның соңындағы түйіні «дір» еткізеді: «Біздің
саясаттағы адамдардың өмірі туралы білетініміз аз. Жек көріп жатады. Кейде
бұрыс, кейде дұрыс. Бірақ онымен бірге жұмыс істегенімде Нұрлан Өтепұлы
Балғымбаев адамдар үшін, ел үшін бүкіл
жан-тәнімен жұмыс істеді. Өзін «өртей» отырып. Кім маған сенеді, «Иманды
болсын, Нұрлан Өтепұлы. Жаны жанатта болсын.» -десін».