Ақтаудағы жасөспірімдер әрекеті тағы да елді дүрліктірді. Жаға ұстатар жағдай бүгін ғаламторда пайда болды. Бұл жолы оқушылар үй қоянын қорлаған. Куәгерлердің айтуынша, балалар қоянның мойнына шұлық байлап, оны сүйреп, итке бермекші болған. Ал ит оны жеуден бас тартқанда, дуалға байлап, таяқтап ұра бастапты. Куәгер тоқтатпақшы болғанымен, қоянның өлі екенін анықтаған. Осы іске қатысты Ақтау қаласының полицейлері екі мектеп оқушысының жеке тұлғасын анықтады.
Азамат Сәрсенбаев, Маңғыстау облысының ІІД баспасөз қызметінің өкілі:
Ата-аналардың қатысымен жауап алынған кезде балалар полиция қызмекерлеріне қоянды қоқыс жәшігі маңынан өлі күйінде тауып алғанын айтты. Сөйтіп қызық үшін дуалға іліп қойыпты. Қазір барлық жинақталған материал Ақтау қаласы ішкі істер басқармасының тергеу бөлімшесінде қаралып жатыр.
Айта кетейік, бұзық балаларға да, олардың ата-анасына да ешқанадай жаза қолданылмайды. Өйткені жануарлармен қатыгез қарым-қатынас туралы бапта тек тірі жануарлар ғана айтылған, ол жерде өлген жануарлар туралы сөз болмайды.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ