Бүгін Президент жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына барды. Алдымен «Арай-2» жаңа мөлтек ауданында болып, бес қабатты 10 үйден тұратын тұрғын үй кешенін аралады. Үйлердің жартысы «Тұрғын үй құрылыс банк» желісі арқылы салынса, қалған бесеуі «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» қаражатына бой көтеріпті. Болашақта бұл кешенді кеңейту, мектеп, балабақша салу жоспарланған. Жаңа үйлерге 520 отбасы қоныстанатын болады. Алдағы күндері баспана толықтай тапсырылмақшы. Бүгін бірқатары пәтерлеріне кірді. Қоныстарын тойлап жатқан ағайынды Елбасы да құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құтты болсын! Қоныстарыңызға ортақ болайын деп, келіп қалдық. Осы бағдарламаны шығарып әдейі, қолжетімді пәтер беруге. Әсіресе мемлекеттік бюджетте жұмыс істейтін адамдарға: мұғалімдер, дәрігерлер қиыншылықтар көреді. Аренда деген былтыр баяғыда біз пәтерге ақша төлейтінбіз, сол пәтерге төлейтін ақшаны, өздеріңіз білесіздер, үйдің болашақтағы бағасына жүре береді де, кейін пәтер өздеріңізге жекеменшікке қалады. Мұндай бағдарлама еш жерде жоқ.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл аймақта құрылыс көлемі 3,5 есеге өскен, ал Қызылорда қаласында 8 есеге артқан. Жылдың аяғына дейін облыс орталығынан тағы 43 көпқабаты үй пайдалануға беріліп, 2 406 отбасы баспанаға қол жеткізбек. Нұрсұлтан Назарбаев іссапар барысында, аймақтағы малдың жемін әзірлейтін зауыттың жұмысымен де танысты. Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапары ертең де жалғаспақ.
Шарипа САҚТАПОВА