$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Алматы облысында жер дауы шешімін табар емес

AstanaTV
19.10.2015ж. 20:00
1758
Алматы облысында жер дауы шешімін табар емес

Алматы облысында жер дауы. Қаскелеңге қарасты шағын аудандағы 50 шақты үйдің тұрғындары бірнеше жылдан бері өз үйлеріне көлікпен өте алмай жүр. Өйткені бұрынғы жолда жағалай зәулім үйлер бой көтерген. Екі жыл бойы жұрттың ауласымен жүрген олар, жүйкелері тозған соң прокуратураға шағымданған. Сөйтсе, жергілікті билік жол тұрған жерді жеке шаруашылық жүргізу үшін үлестіріп жіберген. Жолсыз қалған тұрғындар мәселесі қалай шешілмек? Ришат Асқарбекұлы біліп қайтты. 

Бұрын «Алтын ауыл» шағын ауданы жеке шаруа қожалығына қараған. Иесі төрт жыл бұрын жердің мақсатты пайдалануын өзгертіп, жекелеген адамдарға сатқан. Содан бері 50-ден астам үй бой көтерген. Барлық коммуникациялық желілер бар. Тек жол мәселесі шешілмей тұр.  

Динара Бейсенова:

Біз жерді 2011 жылы ақпанда алдық. Ол кезде жолымыз болған. Ол кездегі схемамен қарағанда, 18 метрлік жол қарастырылғанын көргенбіз. Ал 2013 жылдан бері сол жолдың орнын басқа біреулерге сатып жібергендіктен, жолсыз қалып отырмыз. Жол 6-7 метр бар дейді. Оның өзі арықтың үстінде жарда қалып тұр.

Маия Салықова:

Мектепке баратын жол жоқ. Сосын жедел жәрдем келмейді. Анау асфальт біткен жерге келеді де, бері өте алмай, сонда қалады. 

Ал бұған дейін жол болған жерде жаңа үйлер бой көтеріп жатыр. Қала әкімінің шешімімен былтыр 30 шақты жер телімі жеке шаруашылық жүргізу үшін үлестірілген. Қазір іске прокурорлар араласты. 

Олжас Сайполдаев, Алматы облысы Қарасай ауданы прокурорының көмекшісі:

Біз Қаскелең қаласы әкімінің шығарған шешімінің күшін жою туралы мәселемен сотқа талап-арыз жолдадық та, қайтарып алдық. Себебі жаңа деректер пайда болды. Қазір істі қайтадан толықтырып, сот оны қарауы тиіс.

Прокурорлар 5 жер теліміне қатысты әкімдік қаулысының күшін жоймақ. Егер сот дұрыс деп тапса, жолға деп қарастырылған баспаналар сүрілуі мүмкін. Ал аудан әкімдігі тұрғындармен келіссөздер жүргізіп, басқа жол салып берудің қамын жасап жатыр. 

Нұрсұлтан Бақытұлы, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:

Біз қазіргі уақытта мекемелермен сөйлесіп отырмыз. Грунт тасып беретін, сосын техника керек. Бір аптаның ішінде шешеміз. Өткен аптада протокол жасағанбыз, выездқа шықтық. Екі апта қала әкіміне уақыт берілді. Бір апта столбтар алынды. Ендігі аптада грунт төселіп, жол жасалуы керек. 

Ал жұрт билік өкілдерінің жақында жол салып беретініне сенбейді. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

Қарасай аудандық әкімдігі тұрғындармен сәуір айында осы жерде кездесіп, мәселені шешуге уәде берген. Алайда шенеуніктер алты айдан бері «Алтын ауылға» ат ізін салмапты. Енді тұрғындар заңгер жалдап, сотқа шағымданбақшы. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ