$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Геннадий Головкин кезекті чемпиондық белбеуді иеленді

AstanaTV
19.10.2015ж. 20:00
1169
Геннадий Головкин кезекті чемпиондық белбеуді иеленді

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин ел абыройын асырды. АҚШ-та өткен жекпе-жекте 33 жастағы жерлесіміз Канада спортшысы Давид Лемьенің жігерін құм қылып, алтын белбеуін тартып алды. Бұл отандасымыздың спорттық карьерасындағы 34-ші жеңісі.  Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады. 

Екі чемпион арасындағы кездесу жұрттың делебесін қоздырды. Төрткүл дүние көз тіккен жекпе-жек барысында жасындай жарқыраған отандасымыз жанкүйерлерге ұмытылмас нағыз бокс шоуын ұсынды.


Бесінші раундтағы ауыр соққыдан кейін өз-өзіне келе алмаған канадалық қалған уақытта негізінен қорғаныста жүрді. Ал Головкин болса, қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеді. 8-ші раундта Давид Лемьенің жағдайының мүшкіл екенін байқаған алаңдағы төреші кездесуді тоқтатты. 

Геннадий Головкиннің бұл жекпе-жегінен боксшының алғашқы бапкері мен ізбасарлары да зор әсер алыпты. Олар бүгін спорт залына жаңа күш-қуатпен келгендерін жарыса айтты. Дәл осы жерде Геннадий 8 жасынан бастап жаттыққан. 2003 жылы әлем чемпионы атанғанға дейін осы рингте шеберлігін шыңдаған. Жуырда әлем чемпионы өз ізбасарларына 7 мың АҚШ долларына жаңа бокс рингін сыйға тартыпты. Оның алғашқы бапкері Виктор Дмитриев шәкіртінің әлі талай биіктерді бағындыратынына кәміл сенеді. 

Виктор Дмитриев, Головкиннің тұңғыш бапкері:

Мен оның жеңетініне сендім. Кез-келген бапкер өз шәкіртіне сенеді. Оны қашанда жоғары бағалайтынмын. Оған тең келер жан 100 жылда бір-ақ рет тууы мүмкін. Әзір ондай адам жоқ. Доданы көрдім. Оның ұрысқа дайын екені бірден байқалды. Ал, дайын болса, оны тоқтату қиын.

Бұл жетістігінен кейін Геннадий Головкин WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және канадалықтың иелігінде болған IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белбеулерді иеленді. Қарағандылық спортшыға орта салмақтағы абсолют чемпион атану үшін, енді бүкіләлемдік бокс кеңесі мен бүкіләлемдік бокс ұйымы тұжырымы бойынша чемпиондық белбеулерді жеңіп алуы керек. 

Самат ҚАНАҒАТОВ Айжан ҚУАШ