$524.24 €612.94 ₽6.68
×

Астаналықтар коммуналдық төлем жасау үшін үш сағаттап кезекке тұрды

AstanaTV
19.10.2015ж. 20:00
1730
Астаналықтар коммуналдық төлем жасау үшін үш сағаттап кезекке тұрды

Астаналықтар коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай, ұзын сонар кезекке тұруға мәжбүр. Бүгін «АстанаЭнергосбыт» серіктестігінің қызмет көрсету орталықтарының бірінде халық бірнеше сағаттап кезек күтті. Дүрмекке себеп - елімізде қарашаның 16-сынан коммуналдық қызмет ақысы бірыңғай төлемінің енгізілуі. Энергосбытқа бөлек-бөлек төлеген халық бір сәтте бір орталыққа ағылды. Ал жалғыз операторға көмекші болуы тиіс екінші деңгейлі банктер халықтың қалың ағынына дайын болмай шықты. 

Камераны көрген халық күздің суығында бірнеше сағаттап далада кезек күттіріп қойған қызмет көрсету орталығының бейқамдығын айтып, айқайға басты. Елордалық зейнеткер Радима Бапишева ұзын кезекке тіркелгелі 2 сағат өтіпті. 

Радима Бапишева:

Пенсияны 17 күні аламын, сол 17 күні Народный банктен төлейтінмін. Ал бүгін барсақ, міне, қабылдамаймыз, АстанаЭнергосбытқа барыңдар дейді.

Банктердің қалың клиентті Энергосбытқа сілтеуінің себебі - олар техникалық себептермен коммуналдық қызмет төлемдерін қабылдай алмайды. Ал коммуналдық табыстың барлығын бір қолға алған серіктестік басшылығы, екінші деңгейлі банктердің іс-әрекетінде іштей келіспеушілік болуы да мүмкін, дейді. Себебі олар бірталай табыстан қағылды.

Бір күнде шектен шыққан жағдайдың әлқиссасы мынадай. Мемлекет басшысынан халыққа қызмет көрсетуді онтайландыру бойынша тапсырманы өткен жылдың сәуірінде алған әкімдік төлемдерді біріктіруге көшкен. Алдын-ала банк басшыларын да жинапты. Қолдарына келісімшарттарды да ұстатқан. Десе де соңғылары уақыт тапшылығынан жаңалыққа дайын болмай шықты.

Даурен Кабдин, «Астана Энергосбыт» ЖШС бас директорының орынбасары:

Банктер толық бұл келісімге қол қоймай отыр. Оның бір себебі - олар төлемдерді біріктіру бағдарламасына техникалық әзірлігі болмай шықты. Барлығы емес. Қазір тек Қазпошта мен бес-алты банктің интернет банкинг қызметі жұмыс істеп тұр.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

АстанаЭнергосбыт серіктестігі төлем бойынша қиындықтарды ескеріп, көрсетілген коммуналдық қызмет үшін қарызы бар адамдарды жылу мен жарық, судан ай соңына дейін ажыратпаймыз деп отыр. Олар бүгінгі дүрмек бір-екі күннің ішінде шешіліп, банк кассалары қайтадан төлем қабылдайды деп, халықты сабырға шақырды. 


Азамат АЛДОҢҒАРОВ