Елде бөлшек сауда салығын енгізу ұсынылды. Жаңашылдыққа толы жобаны қолданысқа енгізуді «Нұр Отан» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес көтерді. Салық саласындағы реформаның жаңашылдығы -енді елімізде екі салық болуы мүмкін. Бірі бөлшек саудадан бөлек барлық экономика секторындағы сатылымға салынатын қосымша құн салығы. Екіншісі бөлшек саудаға салынатын салық, ол қосымша құн салығымен ұжымдық табыс салығын алмастыратын болады. Жобаны таныстырған кеңес мүшесі Олжас Құдайбергенов бөлшек саудада үш пайыздық мөлшерлеме 12, 7 және 5 пайыз болатынын мәлімдеді. Егер кәсіпкердің табысы қолма-қол ақша тәсілімен алынса, онда салық мөлшерлемесі 12 пайыз. Ал, банк картасымен төленсе 7 пайыз, онлайн-дүкен арқылы түсетін табысқа 5 пайыз болмақ.
Олжас Құдайбергенов, «Нұр Отан» партиясы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:
Бөлшек сауда салығынан түсетін түсім жергілікті бюджетке беріледі. Бөлшек сауда салығын енгізу нәтижесінде бюджетке қосымша 260 млрд теңге түседі деп көзделген. Бөлшек сауда салығын енгізу елдегі қолма-қол ақша көлемінің ауқымын азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тұрғындардың қаржысын банк секторына қосымша тартып, көлеңкелі бизнес мөлшерін айтарлықтай қысқартады деп көзделген. Бұл өз кезегінде бюджеттегі салықтық түсімге жақсы әсерін тигізбек.
Ұсынылып отырған салық режимі жеке тұлғаларға, бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындарға, қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласына қатысты болады. Сонымен қатар, бұл көлеңкелі бизнестің көлемін азайтуға септігін тигізбекші. Қазір, тек талқылаудан өтіп жатқан жобаны болашақта Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясына және Үкіметке жолдау көзделген.
Шалатай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жалпы біздің
мақсатымыз бүкіл аймақтарды қазір қосып отырмыз. Аймақтардан ұсыныс-пікірлер
түседі. Аймақтағы жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныстары түседі, солардың
барлығын жинақтай келе болашақта салық жөніндегі кодекске өзгерістер
енгізіп, бір тұжырымға келу. Негізгі
мақсат - көлеңкелі экономиканы жою.
Б.ХАСЕНОВ