$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Отандық авто өндіріс 92 пайызға тұралады. Нарыққа «өлім капсуласы» атанған көлік енеді...

AstanaTV
23.04.2016ж. 20:00
1779
Отандық авто өндіріс 92 пайызға тұралады. Нарыққа «өлім капсуласы» атанған көлік енеді...

Отандық автоөндірушілер экономикалық дағдарысқа байланысты  несиелеу жүйесіне өзгеріс енгізу қажет деп есептейді. Дәлірек айтсақ, өтініш Өскемендегі «Азия Авто Қазақстан» зауытының бас директорыныкі. Себебі түсінікті - елімізде құрастырылатын көліктерге сұраныс күрт төмендеген.Автобизнес қауымдастығының дерегінше, биыл қаңтар-ақпан айларында 7 мыңдай көлік сатылған. Өткен жылы сол уақытта қазақстандықтар 17 мыңнан астам авто алған екен.

Ержан Мәндиев, «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры:
Клиенттердің төлемқабілеті төмендеген. Жаңа экономикалық ахуалға икемделу үшін біз Қазақстанның даму банкіне шықтық – несиелеудің шарттарын өзгертуді сұрап. Сатып алынатын автоның құнына байланысты шектеуді алып тастап, мүмкіндікті арттыру керек. Сонымен бірге несиелеу уақытын ұзартуды сұраймыз. Қазіргідей кезеңде де автомобиль сатып алудың мүмкіндігін азайтпау қажет. 

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының аясында  Қазақстанның даму банкі аталған автозауытқа -  «Азия Авто Қазақстан»-ға 2-ші траншпен 5 жарым млрд теңге бөлген еді. Оны зауыттағылар екі айда игереміз деп отыр. Сөйтіп үшінші транш бөлуді сұрайды – зауыттың тоқтап қалған цехтарын қосуға.
Статистика комитетінің дерегінше, жеңіл автомобиль өндірісі /әрине, бірінші тоқсанды алғанда/, 2015 жылмен салыстырғанда 92 пайызға түскен. Ал жүк көлігі 14 пайызға.

92 пайызға құлдырау деген аталған өндірістің тоқтауы дегенмен пара-пар сияқты. Бірақ:

Андрей Лаврентьев, Қазақстан автобизнес қауымдастығының президенті: 

Өндірісті «Бітті» деп айтуға болмайды. Біріншіден, бұл бірінші тоқсанның есебі. Екіншіден, зауыттар биыл инвестициялық жоспарларын аяқтайды. Яғни дәнекерлеу мен бояу бойынша өндірістерін жаңалайды.Былайша айтқанда көліктердің «отандық келбеті» арта түседі... Жалпы өндіріс көлемі екінші жарты жылдықта қарқын алады. Тіпті биыл былтырғыға қарағанда өсім болады. Былтыр отандық 14 мың көлік шықса, биылғы жоспар 20 мың. Себебі орта есеппен алғанда көліктің отыз пайызын теңге құрайды. Осынша бөлігінің бағасы қымбаттамайды деген сөз. Импорт бөліктері иә, қымбаттайды. Ал сауда бойынша қарасақ, шетелдік көліктер қымбаттау. Жыл соңында сатылған барлық көліктің 30 пайызы отандық көліктер болмақ.

Көлік сатып алуға деген құлшыныс кемімейтіні рас. Тек мүмкіндік тарылып барады.

Антон Афонин, «Астана Моторс» ҚМК атқарушы директоры:

Құрылым өзгерген жоқ. Сатылымның 60 пайызын Ресейде құрастырылған Хюндай аксент құрайды. 40 пайызы Қазақстанда жиналған автолар. Өткен аптада республикада құрастырылған тағы екі  үлгіні әкелдік...Бағаларға келсек, өткен жылдарға қарағанда түсті. Бірақ теңгемен жоғары болып қалып отыр. Көлік сатып алуға құлшыныс бәсеңдеген жоқ. Бірақ сатып ала алмайды. Иә, мемлекеттік қолдау бар. 4 пайыздық мөлшерлемемен несие. Алғашқы жарна 30-40 пайыз, несие 5-7 жылға рәсімделеді. Кредит көлемі 15 млн теңге.

Басқа нарық, басқа «әлем», әйтсе де бір деталь – 2014 жылдың күзінде Rolls-Royceавтомобилін сататын салон  ашылған. Сондан бері бесеуі сатылыпты.

Антон Афонин, «Астана Моторс» ҚМК атқарушы директоры:

Rolls-Royce автомобилінің бағасы 200 мың шартты белгіден басталады. Жоғарғы деңгейі лимиттелмеген – барлығы клиенттің қалауына байланысты.

Енді мынадай деталь: ақпарат құралдары Үндістанда құрастырылатын дүниедегі ең арзан көліктің еліміздің нарығында саудалана бастайтынын хабарлады. Bajaj деген автоөндірушінің Qute деген үлгісі. «Біздің уақытқа» дилер компания растады.

Юлия Босенко,  WESC компаниясының коммерциялық директоры:

Біз Бажаждың техникасын әкелгенбіз. Ал әлгі арзан көлікті нарыққа мамыр айының ортасында шығарамыз. Кеден одағының келісімі бар. Қазір оның бағасын 1 млн 700 мың болады деп отырмыз. Машина автомобиль емес, квадрацикл болып есептеледі. Өте үнемді.Тапсырысқа келсек, қызығушылық үлкен. Жақсы сатылады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, бізге жеткізілетін көліктерге пеш орнатылады. Себебі бізде аязды қыс бар ғой. 

Сарапшылар да көлік 1,5-1,7 млн теңге тұрады деп болжайды. Көліктің ұзындығы  2750 миллиметр, капотының астында 1 цилиндрлі мотор, көлемі 0,2 литр. 13 жарым аттың күшіне ие. Жанындағы әйнектері әйнек емес, пленка. Бірақ дилер компания -Қазақстанға жіберілетіндеріне әрине, әйнек салынады- дейді.

Сөзбұйдаға салмай айтайық, бұл мәшиненің репутациясы нашар. Euro NCAP әдісі бойынша сынақтан өткізгенде 5 жұлдыздың біреуін ғана алған.  

Бірақ 13 жарым аттың күші бар көлік өтімді болатын сияқты. Үнді сериалдары мен үнді мәшинесі, "қатып кетейін" деп тұр. Ащы әзілді қоя тұрсақ, қазір елде ақша жоқ. Бір ғана мысал, Қостанай облысында 30 мыңдай адам қарызын өтемей жүр. Ақпаратты берген облыстық әділет департаменті. Мемлекеттік сот орындаушылар рейдтік шаралар ұйымдастырып, борышкерлердің дүние-мүлкін уақытша тәркілей бастаған.
«Қара тізімге» іліккендердің борышы 40 миллиард теңгеге жуықтайды. Ал  Петропавл тұрғындарының сумен қамту компаниясына берешегі 60 миллион теңгеден асқан...