$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Ақтөбеде көпқабатты жатақханалардың бірі апатты жағдайда тұр

AstanaTV
20.10.2015ж. 20:00
1696
Ақтөбеде көпқабатты жатақханалардың бірі апатты жағдайда тұр

Ақтөбеде көпқабатты жатақханалардың бірі құлаудың алдында тұр. Осыдан 3 жыл бұрын бұл ғимаратқа терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ ғимарат бүгінде ескірген, ал жертөлесі кәріз суға толған. Соған қарамастан тұрғындар сапасыз жөндеу жұмыстарына кеткен  несиені төлеуге мәжбүр. Екі-ақ жыл кепілдік беретін жөндеуге тұрғындар неге 7 жыл несие төлеу керек?

Гүлнұр Ерболатова іргесінің қаланғанына 70 жылдан асып кеткен «баспанасы жөнделеді» дегенде қуанып, жиған-терген 150 мың теңгесін құрылыс жұмыстарына беріпті. 7 жыл төлемес үшін барлық сомманы салған. Есесіне, баспананың жайы мен жылуын ойлап бас қатырмаймын деп қуанғанын айтады. Бірақ 3 жыл бұрын терможаңғыртумен жөнделген үйінің бүгінде құбырлары шіріп, қабырғалары қақырапты. Жертөледен шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады.

Гүлнұр Ерболатова, үй тұрғыны:

Едендерді көріп тұрсыңдар. Астына ешқандай құйылмаған. Асты қандай шұрық-тесік болды, соның үстіне тек линолиум жая салған. Төбеден, жасаған төбелерінен су кетіп қалып жатыр. Бәрі өте нашар болғандықтан тұрғындар осы жылы қайтадан ақша жинап, бірінші этажды қайтадан өзіміз ремонттадық.

Бұл үйді жөндеуге мемлекеттік бағдарлама бойынша 18 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Мердігер бұл қаржыға жылу жүйесін алмастарып, шатырын жөндеуі тиіс болған. Шатыр жөнделді. Бірақ құбырлар ауыстырылмаған дейді, жатақхана тұрғындары. Құбырлары ескіргендіктен жылу беруші компания бұл үйді қарауына алмаған. Ал, жергілікті серіктестік апатты жатақханаға қызмет көрсетеміз деп шығынға баттық деп отыр. 

Ерлан Блиев, «Табыс-Ақтөбе» ЖШС директоры:

Біз былтыр қыс бойы жертөледен су сорумен болдық. Күн жылыған соң кептіріп, кәріз жүйесін жөндеп, орталық жүйеге қостық. Бұл үйден жиналатын қаражат ай сайын 36 мың теңгеден көп болуы тиіс. Пәтерлердің 3-тен 2-сі төлемейді. Қызмет көрсетеміз деп шығынға батып отырмыз.

Дегенмен, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің өкілдерінің өз уәжі бар. Олар терможаңғырту бағдарламасы бойынша атқарылған жұмысты, бірінші кезекте тұрғындар өздері қабылдап алды деп отыр. 

Жұлдызбек Бисембин, Ақтөбе қалалық тұрғын үй испекциясы бөлімінің жетекшісі:

Мемлекеттік комиссия қабылдады. Үй тұрғындарынан құрылған бастамашы топ бірінші кезекте қол қойды. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша атқарылған кез келген жұмысты бірінші кезекте тұрғындар қабылдауы тиіс. Өйткені бұл үйде тұратын өздері. Сонан соң ғана мемлекеттік мекеме өкілдері қол қояды.

Мансұр Есқожин, тілші:

Болар іс болып, бояуы сіңді деп отырған шенеуніктер жатақхана тұрғындарына көмек бере алмаймыз деген сыңай танытты. Жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме болса, 2 жыл ғана кепілдік берген. Тозығы жеткен баспананы жөндеуге енді тұрғындардың өздері несиеден бөлек, қаражат жинаудан басқа амалдары жоқ.

М.ЕСҚОЖИН