Дағдарыс Астана қаласының әкімдігіне жетпеген сияқты. Елбасының өзі етек-жеңді қымтау керектігін айтып жатқанда, қала билігі жылы аялдамаларға қыруар қаржы шашып отыр. Елордада жылы аялдамалар бірер күн бұрын ғана орнатылды. Бірақ шуы әлі басылар емес. Біздегі аялдаманың құны 10 миллион теңге. Бұл 36 мың доллар. Ал Ресей шенеуніктері осындай жылы аялдамаларды ең көп болса 10 мың долларға орнатқан. Бұл туралы Краснояр қаласы Свердлов ауданының басшылығы біздің арнаға берген сұхбатында хабарлады.
Кірсең шыққысыз мына аялдаманың пайда болғанына көп болған жоқ. Астананың асау желінен, сақылдаған аязынан сақтану үшін таптырмас қорған. Бірақ бағасын естіген жұрт жағасын ұстады. Құны 10 млн теңге. Бұл 36 мың доллар. Бюджеттің бүйірінен алынған сомма.
Айгүл Жамалова, «АСТАНА LRT» ЖШС баспасөз хатшысы:
Аялдама құны 10 млн. теңге шамасында. Әрине бұған қатысты әр түрлі пікірлер айтылуда. Қымбат деп жатыр көпшілік. Бұл бағаға аялдаманың тек қана қабырғасы кірмейді. Оған барлық жұмыс енген. Ол жер асты жұмыстарынан бастап, жарық, жылу желілерін өткізу, іргетасын қалау, құрылғының өзін орнату, барлық ішкі жүйесі, ақпараттық жүйесі, новигация, бәрі, бәрі енген осы соммаға.
Жылы аялдама бар, одан артық не керек деп жабулы қазанды жабылу қалдыруға болар еді. Бірақ әлеуметтік желілер нысанның ресейлік аялдамалардан үш есе қымбаттығын айтып шулады. Шынында да Ресейдің Краснояр қаласы Сведлов ауданының билігі 2012 жылы осындай нысандарды орнатқан. Біреуі 200 мың рубльге түскен. Оның өзіне бюджеттің емес, бизнестің қаржысына тұрғызылған.
Алексей Исаев, Краснояр қаласы Свердлов ауданы әкімшілігі бастығының бірінші орынбасары:
Олар 200 мыңнан 300 мың рублге дейін түсті. Құны қанша адамды сыйдыра алатынына байланысты. Егер көп адам сыйса, қымбатырақ болады. Ал стандартты аялдама 200-220 мың рубль тұрады. Бұл ең көп дегенде 10 мың доллар.
«АСТАНА LRT» серіктестігінің хабарлауынша, жылы аялдамалар Астананың көліктік кешенін жаңғырту бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен орнатыла бастады. Жыл соңына дейін 25 аялдама беріледі халықтың игілігіне. Бірақ біздің шенділердің ресейлік әріптестері Астанадағы аялдамалардың өте қымбат екенін айтып таң қалды.
Алексей Исаев, Краснояр қаласы Свердлов ауданы әкімшілігі бастығының бірінші орынбасары:
Сонда бір аялдама 2 млн рубльге шығады. Бұл өте қымбат. Бұл дегенің өте қымбат. Ол сонша тұруы мүмкін емес. Бұл бағаға аялдама ғана емес, толық бір кешен салуға болады. Тіпті 35 мың долларға бір емес, осындай 5 аялдама қоюға болады.
Аялдамалардың игілігін көріп бастаған халықтың өзі нысанның сырт келбетіне қарап-ақ, оның 10 млн теңге тұратынына сенгісі келмейді. Жоспар бойынша болашақта қалаға барлығы 82 жылытылған аялдама орнатылмақ. Бірақ енді бюджеттің бүйірінен тістемейді жергілікті билік. Тағы да сол «АСТАНА LRT» компаниясының хабарлауынша, ақшаны бизнестен іздемек.
А.ӘДЕПБАЙ