Жекешелендіру шеңберінде кәсіпкердің қолына өткен Павлодардың «№1 автобус паркі» қаланың меншігіне өтетін болды. Бұл жайында өңір әкімі Болат Бақауовтың өзі айтты.
Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:
Келісімшарт бұзылса, ол кәсіпорынға өзіміз басшы тағайындаймыз. Автопарк мемлекеттік мекеме ретінде жұмысын әрі қарай жалғастырады. Қала бюджеті бір теңге де жоғалтқан жоқ. Керісінше, кәсіпкер 200 млн теңге көлемінде аванс төлеген. Қаржылық қиындыққа байланысты жағдай осылай болды.
Павлодар қаласында жолаушылар тасымалдайтын 34 бағыт бар. Оның 12-сі «№1 Автобус паркіне» қарайды. Қазір кәсіпорынның 65 автобусы адам тасиды. Нысан жарты жыл бұрын жекешелендірілген еді. Кәсіпорынды 1 млрд 176 млн теңгеге «Қазақстандық құрылыс тобы» деген ЖШС-і алады, бірақ 3 жыл бөліп төлеу шартымен. Сонымен бірге жаңа қожайын оның қызметтік бағытын сақтап қалуға міндеттелді. 30 жаңа автобус алып, билет жүйесін автоматтандыруы тиіс-тін. Алайда, ұлттық валютаның құлдыруы жоспарларын сағымға айналдырған.
Надежда Егізбаева, Павлодар қаласы «№1 автопарк» жшс директоры:
Қаңтардың басында бізге банктен оң жауап келді. Әрине, біз шарттасуға келістік. Бірақ, кейін қаржы құрылымы талаптарды өзгерткенін хабарлады. Өте ыңғайсыз талаптарды ұсынды. Жобаның 50 пайызын ғана қаржыландыруға келісімін берді. Дағдарыс уақытында мұндай тәуекелге бара алмадық. Сондықтан, келісімшартты бұзып, автопаркті коммуналдық меншікке қайтару туралы шешім қабылданды.
Бүгінде коммуналдық меншікке қайтару жұмыстары
басталып кеткен. Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, шаруа алдағы бір
жарым айда аяқталады. Ең қызығы, қала балансына қайтарылғаннан кейін автопарк
жекешелендірілетін нысандардың тізіміне қайта енгізіліп, тағы да сатылымға қойылмақ. Кейбір ақпарат құралдары кәсіпорынды
сатып алып, қайтарып бергендердің
қарапайым бизнесмендер еместігін жазған. Қалтасы олардан қалың, олардан
гөрі тәуекелшіл кәсіпкерлер бар ма екен...