Павлодарлық монополист тұтынушылардың жылуға артығымен төлеген 46 млн теңгесін қайтармауы мүмкін. Мұны ауданаралық экономикалық соттың қабылдаған шешімі де қуаттайды. Алайда, өңірдің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті сот үкімімен келіспейді. Қажет болса, құқығын жоғарғы сотта қорғауға әзір. Бүгінде мемлекеттік орган «Павлодарэнергосбыт» ЖШС үстінен қайта шағым түсірді. Айта кетсек, өңірдің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті өткен жылыту маусымына ауаның нақты температурасын ескеріп, сараптама жүргізген. Анықталғандай, 2014-2015 жылғы жылыту кезеңінде күн райы белгіленген межеден жоғары болды. Өтемақы көлемі де соған сәйкес қайта есептелді. Департаменттің ақпарынша, кәсіпорын тұтынушыларға қомақты ақша қарыз.
Азамат Аужанов, Павлодар облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы:
Өкінішке орай, біз бірінші инстацияда жеңіліп қалдық. Сот департамент әрекетін заңсыз деп таныды. Бірақ, біз бұл шешіммен келіспейміз. Керек болса, өз дұрыстығымызды Жоғары сотта дәлелдеуге дайынбыз.
Энергетиктердің пікірінше, департаменттің әрекеті қолданыстағы заңға қайшы. Белгілі болғандай, заңның «нақты ауа температурасына сәйкес қайта есептелінетін соманы халыққа қайтаруға» қатысты бабына өзгертулер биыл енгізілген. Ол мамырдың 18-інде күшіне еніпті. Ал, бұл жылыту маусымы аяқталған уақыт. Бірақ, гәп мұнымен шектелмейді.
Асқар Шөмшеков, «ПавлодарЭнерго» АҚ баспасөз хатшысы:
Жылумен қамту қызметін
қайта есептеу тәсілі мемлекеттік тіркеу
реестрінің нормативтік-құқықтық актілерінде тіркелмеген. Бұған қатысты
ауданаралық экономикалық соттың шешімі де бар. Үкімге сәйкес, бұл тәсіл
заңсыз.
А.МҰХИТОВА