Шымкентте бүгін «Қазына» этно-тарихи кешені салтанатты түрде ашылды. «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы, Тарихи өлкетану мұражайы, сондай-ақ, «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі бір шаңырақ астына топтастырылған. «Ұлы Жібек жолы» сәулеттік композициясы да өңірдің өткен күндерінен сыр шертіп тұр. «Қазына» этно-тарихи кешені - Шымкенттегі демалыс орындарының қатарын толықтырып отырған бірегей нысан. Осыдан болар, кешеннің ашылу салтанатына жиналғандар қарасы қалың. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов те, кешеннің халық игілігіне берілуіне арнайы келген. Айта кетейік, аталған жоба Асқар Исабекұлының аймақты басқарып тұрғанда тікелей өзінің бастамасымен қолға алынған еді. Тарихтан сыр шертер орындарымыздың қатары артуы, әсіресе қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш сыйлады.
Кендебай Қарабдалов, Шымкент қаласының тұрғыны:
Бүгін құдайға шүкір, Қазақстанда болмаған этно орталық Шымкент қаласында ашылып жатыр. Бұған қала, облыс басшыларының еңбегі зор. Бұл мақсат қазақ халқының ұмытылып кеткен, күнделікті тұрмыстан түсіп қалған салт-дәстүрін осы жерде іс жүзінде көреді әрі үйренеді. Әрі келесі ұрпаққа тәрбие ретінде бере алады. Сондықтан бұл жер өте болашағы зор. Керемет мәдени кешен.
Кешеннің қақ ортасынан «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументі орын тепкен. Оның биіктігі 15 метр. Ескерткіш қазақы ою-өрнекпен көмкерілген. Кешенге келген шаһар тұрғындары мен қонақтары, тарихи орындармен де таныса алады. Мәселен этносаябақтағы жаяу жүргіншілер аллеясының бойына өңірдегі 27 тарихи сәулеттік ескерткіштің макеті қойылған. Аймақтың бас сәулетшісі алдағы уақытта бұл жерде Оңтүстік топырағында өсетін барлық өсімдіктер мен ағаштар да отырғызылады деп отыр.
Бақытжан Әшірбаев, ОҚО Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Ал мынау астыңғы жағындағы мынау аллея мен бұдан екі есе ұзын аллея. Сол жерде археологиялық көріністерді көрсетеміз, тарихи көріністерді мүмкін экспозиция сияқты етіп көрсетіп, қандай соғыстар болған бұл жерде жоңғарлардан бастап, Шыңғысханнан бастап Отырардың жағдайын көрсетуі мүмкін. Сондай үлкен-үлкен әлі алдымызда мақсаттар бар.
Қаланың көркін ашып тұрған кешеннің жалпы аумағы 76 гектардан асады. Бұл жерде этносаябақтан бөлек жайлаукөл, қазақ ауыл орын тепкен. Наурыз алаңы да осында. Кешеннің мәдени-сауықтыру бөлігінде тарихи-өлкетану мұражайы, елімізде тұңғыш болып ашылған әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмыс істеп тұр. Жұмысын бастаған тоғыз айда атқарған дүние аз емес ,-дейді орталықтағылар.
Назарбек Үсіпахметов, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары:
Қазіргі мынау орталықтың атқарып жатқан тікелей жұмысы бұрынғы ұмыт қалған салт-дәстүріміз, бұрынғы ата-бабамыз дәріптеп өздері жасаған салт-дәстүрін қазіргі халыққа, қазіргі замандағы ұрпаққа сол ата-бабамыз жасаған дәстүрімізді біз қазір заманауи үлгіге келтіре отырып, әрі түпнұсқасын бұзбай қазір осы орталықтың көптеген қызмектерлерінің арқасында елге беріп жатырмыз деп айтуға болады.
Бұл - этно-тарихи кешеннің құрылысы 2012 жылы басталған. Бірінші кезеңнің жұмысы толықтай аяқталды. Енді екінші кезең күтіп тұр дейді өңір жетекшілері.
А.ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ