Алдағы аптада – 26-сәуірде Чернобыль атом электр станциясының жарылғанына 30 жыл толады. «Азаттықта» жарияланған материалда сол кезде кеңес армиясының солдаты болған Михаил Авершиннің естелігі жарияланған. «Біз радиация туралы дым білмедік, апат орнында ликвидация жұмыстарын бастап кеттік. Әскер қатарында болған ауыл тұрғындары тіпті сауатсыз еді»,- дейді ол. Бұл сөзіне дәлел ретінде Авершин апат орнында болған ұрлық-қарлық жайлы баяндайды.
«Кейбір адамдар қаңырап қалған үйлердің жылыту пешіндегі радиаторларды кесіп алды, оны металл ретінде сатқысы келді. Шын мәнінде, олар өз өмірлерінің ондаған жылдарын кесіп тастағанын білмеді»,-дейді ол.
Ресми деректер бойынша апат кезінде дереу қаза тапқандар саны 40-50 ғана адам, ал кейін қатерлі ісік пен басқа да сырқаттарға шалдыққандардың дерегі әлі даулы болып келеді. 2005 жылы БҰҰ зерттеу қорытындысын жариялап, радиациядан кем дегенде 50 адам қаза тапқан деп мәлімдеді. Ал апат салдарын жоюға барған, ластанған аумақта тұрған және эвакуацияланған тұрғындар арасында радиация кесірінен 4 мыңға жуық адам опат болған.
Бірақ Greenpeace ұйымы БҰҰ баяндамасын қатты сынады. Олардың дерегі бойынша Чернобыль апатынан 1990-2004 жылдар аралығында 200 мыңға жуық адам дүние салған. Оған мерзімінен бұрын қартаю, жүйке дерттеріне шалдығу сияқты басқа дерттерді қосыңыз.
Чернобыльға қазақстандықтар да барды, әрине. Ирина Якунина мен Мөлдір Бақытқызының материалы.
26 сәуірде, осыдан тура 30 жыл бұрын Чернобыль атом электр станциясында жойқын жарылыс болды. Төртінші энергоблоктағы ядролық ректордың жалыны 300 метрге дейін көтерілген. Станциядағы салмағы тонна болатын қондырғылар жан-жаққа темір терсекше шашырады. Ауаға сағатына 3 мыңнан 30 мыңа дейін радиоактивті сәуле тарап кетті. Ал тіршілікті тып-типыл етуге сағатына 500 ренгтен те жеткілікті болатын.
Дыбыстық қыстырма: диспетчерлердің өзара сұхбаты
Жарыластың әсері АҚШ бомба тастаған Хиросима мен Нагасаки қасіретінен асып түсті. Апат кезінде кешенде 4500 адам жұмыс істеген. Қаза болғандар жайында сәл кейінірек. Станциядан 30 шақырым аумақтағы Чернобыль мен Припять қаласының тұрғындарын көшіруге бірнеше күн қажет болды. Апаттың ауқымын радиациялық сәулеге шалдыққан аумаққа қарап аңғаруға болады.
- Украинаның 50 мың шаршы шақырымы, яғни 12 облыстың аумағы уланды;
- Белорусияның 6,5 мың шаршы шақырым аумағы /бұл жалпы жер көлемінің 23 пайызы/ жарамсыз болып қалды;
- Ресейдің 60 мың шаршы шақырым аумағы, 3 млн тұрғыны бар 19 облысқа тарады;
Чернобыль апатының салдарын жоюға 900 мың адам қатысты. Оның ішінде 30 мың ерікті Қазақстаннан аттанған. Өскемендік Владимир Сергеев дозиметрші. Мұндай мамандық иелері апат болған жерге бірінші болып жетеді. Жерлесіміз жарылыстың ошағы, реакторды өз көзімен көрген. Тікұшақпен үстінен айнала ұшып, өлшемін алған.
Владимир Сергеев, дозиметрші, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушы:
Дозиметршілер барлаушылар сияқты. Біздің алдымызға ешкім шықпайды. Біз алғаш өлшемін аламыз, содан соң адамдарды жібереміз. Олар шамалы уақыт жұмыс істейді. Содан соң, картасын құрастырамыз. Құбырдың өзіне де ұшық бардық, ол жерде радиация сағатына 78 ренгтен.
Көзкөргендер АЭС аумағында адам түгілі техниканың өзі шыдас бермегенін айтады. Құрылғылар радиациядан жанып кететін, электроника тіптен істен шыға беріпті. Еріктілер амалсыз бар жұмысты қолмен істеуге мәжбүр болған. Улы ауада қауіпсіздік құралы ретінде, кәдімгі медициналық дәкені ғана қолданғандар туралы дерек бар. Дәл осы еріктілер екінші жарылыстың алдын алған.
Андрей Смолин, Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысушы, запастағы офицер:
Бізге берілген 10-15 секунда бірдеңе істеп үлгеру қиын болатын. Адамдар өз еркімен барып, радиация сәулесіне шалдығып жатты. Дозиметрлер сынып қалатын. Менің взводымда 98 адам болды. Тапсырмасын алады бірақ жарты сағат ішінде мөлшерден тыс радиация сәулесін алып үлгеретін.
Бұл Беларусьтің «Крылы Халопа» тәуелсіз театрының ұжымы. Петерборда Чернобль апаты жайында спектакль көрсетіп жатыр.
Спектакльден үзінді
Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы есебінше, Чернобыль апатынан 9 миллион адам зардап шеккен. Оның 4 миллионы 14 жасқа дейінгі балалар. Радиоактиві элементтер әсерінен обыр дертіне шалдығып, опат болған саны жылдан жылға арта түсті. Бүгінде 300 мыңнан асқаны айтылады. Сорақысы сол, жарылыстың ертесіне кеңес өкіметінің бас газеті «Правда» апаттан екі адам қаза болды деп жазды. Осылайша, дүние жүзі алдында шындықты бүркемелеуге тырысқан.
Владимир Сливяк, «Экозащита» экологиялық қорғау тобының тең төрағасы:
«Росатом» бүгінде сол Совет кезіндегі, 50-60 жыл бұрынғы ректорлардың жобасын басшылыққа алады. Жаңа реакторлар салынып жатыр. Бірақ олар қауіпсіздігі тұрғысынан түбегейлі өзгерген жоқ. Қазір «РосАтом» Ресейден бөлек басқа да елдерде станция салуға кіріскен. Еуропада, Венгрияда. Айтуларынша 100 млрд долларға жуық тапсырыстары бар.
Бір жыл бұрын Қазақстанда Курчатов немесе Балқаш қаласы маңында АЭС салынатыны белгілі болды. Өткен күзде жапондар салатындай болған – Жапония премьер-министрі Астанаға ресми сапармен келгенде. Кейін ресейлік вариант қайтадан шықты. «Росатом» реактор құрылысын қолға алады деген ақпараттар пайда болды. АЭС құрылысы 2025 жылдарға қалай басталады делінген. Ал ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Чернобыль апатының салдары жойылған жоқ. Апат аумағында туып-өскен қазіргі отыздағы жастардың бойында оның уыты бар. Иә, Чернобыль апаты немқұрайдылық пен салғырттық бар жерде атомның адамға бағынбайтынын көрсетті. Атом геосаяси ойындарды да «түсінбейді»...
Мөлдір Бақытқызы, Ирина Якунина, «Біздің
уақыт».