$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қайрат Келімбетов мұнай бағасына қатысты өз болжамымен бөлісті

AstanaTV
21.10.2015ж. 20:00
Қайрат Келімбетов мұнай бағасына қатысты өз болжамымен бөлісті

Бүгін Қайрат Келімбетов те мұнай бағасына қатысты өз болжамымен бөлісті. Бас банкир қаржылық қиындықтарға 3-4 жылдай төтеп берсек, жеткілікті дейді. Мұны мәжіліс қабырғасында мәлімдеді. Экономиканы долларға тәуелділіктен құтқару үшін, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» банктерге, құрылысқа қаражат бөлінетінін де айтты. Жаппай үнемдеу жүріп жатқанда  Ұлттық экономика министрлігінің 40 млн АҚШ долларын тренинг пен семинарлар өткізу үшін жұмсағалы жатқаны мәлім болды.

3 апта бұрын Қайрат Келімбетов тап осы жерде журналистерге теңгенің адекватты бағамы туралы әңгіме айтқан. Үш апта ішінде ұлттық валюта 5 теңгеге құнсызданып үлгерді. Бүгін 279 ға жетті. АҚШ валютсы күннен күнге күш алып барады. Көк қағаздың құлдығынан құтылу үшін, Ұлттық банк бірыңғай зейнетақы қорындағы қаражатқа да қол салуға мәжбүр. Экономикада теңге айналымы аз. Ішкі өндіріс дамымаған. Экспорттан түсетін доллар жақын арада бізді құтқара алмайды.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Если цены на нефть будут расти, а они будут расти в трех-пятилетней перспективе, тенге будет укрепляться. Все будут продавать и радоваться той прибыли, которую они получили.

Алайда, үкіметтегілер дағдарысты әлі сезіне қоймаса керек. Президентен бастап, елді үнемдеуге үндеп жатқанда Ұлттық экономика министрлігі тренингтер мен семинарлар өткізу үшін,  Дүнеижүзілік банктен 40 млн доллар қарыз алмақшы. Бұл сома шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлер арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуге жұмсалады дейді. Нақтырақ, 40 жаттықтырушы, 750 консультант, 125 мемлекеттік қызметшіні семинар, тренинг және таныстыру сапарларына жіберу үшін, қарызға кірмекпіз.

Розақұл Халмұрадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер осы қарыз министрдің қалтасынан шықса оған ешкім бармайды, Ал мемлекеттің қалтасынан, қазынадан оған еркін бара беруге болады деп ойлайды.

Отырыста Астанада «Халықаралық қаржы орталығын» құру туралы заң жобасы қабылданды. Ол бюракратиядан ада, біздің соттарға емес, халықаралық төрешілердің шешіміне бағынатын дербес құрылым болады. Депутаттар қаржы орталығы елдегі инвестициялық ахуалды жақсартады деп сенеді. Онда қор биржасы құрылады, шетелдік банктер де келеді. Олардың пайыздық талаптары белгілі.

Нұртай Сабилянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "НҰР ОТАН" фракциясының мүшесі:

Қазір банктер қалай бізде 20 пайызбен алсаң да, алмасаң да соны ұсынады. Негізі қаржы орталығын жақсы ұйымдастыратын болсақ, кәсіпкерлер 3-4 пайызбен несие алуға қол жеткізуі мүмкін. Бұл біздің кәскерлік әлеуетімізді жақсартуға бағытталады деген сөз.

Сөз, иә әзірге бәрі сөз жүзінде. «Экспо» өткен соң, алып павильон аумағы қайта  жарақталады. Оған Ұлттық банктің есебінен 3 млн доллар бөлінеді. Содан соң, 2018 жылы Астанада жұмысы қыз-қыз қайнаған қаржы орталығы пайда болуы мүмкін.

 М.БАҚЫТҚЫЗЫ