Ал Қарағанды облысындағы Саран қаласындағы жалғыз емхана әлі күнге дейін жылусыз отыр. Дәрігерлер науқастарды суық жерде қабылдауға мәжбүр. Жеке меншік қазандықтың басшысы, «есептегіш құралдарың дұрыс емес» деп ғимаратқа жылу бермей қойған. Мәселенің ушыққаны сонша, емхана сотқа шағымдануға мәжбүр болып отыр. Наталья Тарасенко - балалар дәрігері. Ол алдымен, бөлмесін арнайы құрылғымен жылытып болған соң ғана науқастарды қабылдайтынын айтады. Науқастарды қабылдауға арналған талапқа сай, балалар 23 градус жылыда ғана қарауы тиіс.
Наталья Тарасенко, Саран қалалық емханасының балалар дәрігері:
Қазір батарейлер сұп-суық. Бөлме температурасын сақтау үшін жылытқыш құрылғысын қосып отырмыз. Басқа шара жоқ.
Қазір бұл емханадағы екі бірдей ғимаратың күйі - осы. Бұл мекеме күніне мың адамға қызмет көрсетеді. Суық емханаға келуден бәрі қашқақтайды. Кабинеттер жылытылғанымен, дәліздер сұп-суық. Сондықтан ақ халаттылар тұрғындарға сырт киіммен жүруге рұқсат берген.
Эльвира Арышева, Саран қаласының тұрғыны:
Балалар кішкентай,оларды шешіндірген кезде ауырып қала ма деп алаңдаймыз. Қараламыз деп келіп, ауырып жүрмесек болды.
Марина Лисейкина, Саран қаласының тұрғыны:
Не шешіне, не қарала алмайсың. Қырық қабат киініп жүретін болдық. Қазандықтарды тезірек қосу керек қой.
Әліптің артын бақсақ, бар мәселе қарапайым жылу есептегіш құралда болып шықты. Емхананы жылдар бойы жылумен қамтамасыз етіп келген қазандықтың иесі, биыл емхананың есептегіш құралы дұрыс есептемейді деп жылу бермей отыр. Арнайы сарапшылар құралды тексерген, еш ақау таппапты. Ақ халаттылардың айтуынша, енді ғимараттың ішкі шаршы метрімен саналмақ екен.
Гүлмира Тұрғұмбаева, Саран қалалық емханасының заңгері:
Оның көксегені ақша. Ешқандай заңды құжатқа мән бергісі жоқ. Мысалы, бұрын айына 320 мың теңге төлесек, енді 640 мың теңге сұрап отыр. Тіпті, есептегіш құрылғыны екі рет тексерттік.
Амалы таусылған емхана басшылығы қазандықтың қожайыны Геннадий Шагировты сотқа беріпті. Алайда, кәсіпкер өз дегеніне қайтпай отыр.
Геннадий Шагиров, Қазандық қожайыны:
Олардың есептегіш құралдарын мен қабылдап алған жоқпын. Жаз бойы жасаған ескертулерімді орындамады. Ал, коммерциялық құрал қабылданбады ма, жылу берілмейді.
Кәсіпкер мен медицина мекемесі арасындағы бұл дауға, Саран қаласының әкімдігі араласты. Биліктегілердің айтуынша, бар проблема үлкен қалалық қазандық құрылысы аяқталмай тұрғанында. Қазанның бірінде іске қосылуы тиіс еді. Сондықтан, әкімдік жеке қазандықтармен келіссөз жүргізіп әлек.
Марғұлан Анаев, Саран қалалық әкімдігі Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі:
Осы жағдай ары қарай жалғаса беретін болса, төтенше жағдай енгізіп, кательныйды өз бақылауымызға аламыз. Жұмысын өзіміз ұйымдастыруымыз мүмкін.
Айжан Қуаш, Тілші:
Дегенмен, мәселе шешілген жоқ. Емхана әлі де жылусыз отыр. Ал, ауа райын болжаушылар күннің күрт суытатынын ескертеді. Екі жақты дауға дүйсенбіде өтетін сот отырысында нүкте қойылуы мүмкін.
А.ҚУАШ