$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мән беретін мамандықтар

AstanaTV
24.10.2015ж. 20:30
2773
Мән беретін мамандықтар

Еліміздің енсаулық сақтау және әлеуметтік Даму министрлігінің тиісті  комитеті «Азаттыққа» қызметкерлерді жұмыстан босату қаупі бар кәсіпорындардағы ахуалға апта сайын мониторинг жүргізіп отырғанын хабарлаған. 

Комитеттің аталған порталға  жазбаша берген мәліметінде «2015 жылғы 9 қазандағы жағдай бойынша мониторингке 189 мың қызметкері бар 381 кәсіпорын қамтылды, оның ішінде 11 мың 39 қызметкермен еңбек қатынастары тоқтатылған» деп жазылған. Комитет осы хатында өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштерді де келтірген – «2014 жылғы осы уақытта 315 кәсіпорында 3 мың 663 қызметкермен еңбек шарты тоқтатылған». Яғни қысқарту үш есеге көбейген...

Жұмыссыздықтың дүниедегі ең ауыр проблема екенін білеміз. Дағдарыс дендеген сайын проблема ушыға түспек. Бірақ біз менсінбейтін немесе «менің қолымнан келмейді» деп қорқақтайтын мамандықтар бар, соларға мән берсек. Әйтпесе құрметті үкіметтің «құрметі» мұнай бағасына тәуелді...Азамат Алдоңғаров тапқан кейіпкерлердің әңгімесі тағылымды.  

Сергей Ставицкий, етікші:

Қазір мал баққысы келетін адам да жоқ. Бірақ барлығымыз күнде ет жегіміз келеді.

Бұл кейіпкеріміздің айтып отырған қарапайым мысалы қоғамда бірімен-бірі байланған тұрмыс деген тұтас механизмнің бұзылуы. Сергей Ставицкий 16 жасынан аяқ киім тігу, жөндеу саласында. Бала кездегі досымен бірігіп, 35 жыл осы бір кәсіппен нәпақа тауып келеді. Шеберлер кәсіптерін «лас жұмыс» дейді, бірақ табысы адал. Және бұл жұмыстың өзге «ақ жаға» мамандықтардан басты ерекшелігі  ешқандай экономикалық дағдарысқа тәуелді емес. Мемлекет табысы кемісін-кемімесін, адам енді жалаң аяқ жүрмесі анық.

Сергей Ставицкий, етікші:

Қатардағы жұмысшы мамандықтар қоғамға қажет. Ол болмаса қалай? Өзің етік, шалбар, жейде киесің. Ал оның барлығын кім жасайды. Жұмысшылар.

35 жылда шеберлердің алдынан небір клиенттер өтіпті. Қатардағы азаматтан бастап әйгілі әнші, тіпті қала әкімі, барлығы етікшінің қызметіне мұқтаж.

Иван Потапенко, етікші:

Біздің шеберханамызда Роза Бағланова болды. Әншіге президенттің қабылдауына бару үшін арнайы аяқ киім тіккенбіз. Астананың қазіргі әкімі, сол кезде де әкім еді, Әділбек Жақсыбековтің етігін жөндеген күн де болды. +Ол үшін Сергейді арнайы мерседеспен алғызған.

Сергей Ставицкий, етікші:

Іздеп, тауып алды. Ол кезде интернет жоқ. Тек телефон. Көмекшілері келді, мені алып барды, өлшемін алдық та, етігін жөндеп бердік. Жақсыбеков разы, біз де разы.

Иван Потапенко, етікші:

Шеберлер бар, болған, қала бермек. Адам қол еңбегімен айналысуы керек. Бұнымен келіспесең – әне Қытайдың тауары бар. Алайда оны сатып алу үшін де ақша табу керек қой.

Қытай демекші. Шеберлер біздің қоғамның «тұтынушы» сыпатына алаңдаулы. Өз жұмыстарына қажетті қарапайым желім мен ине-жіпті де сырттан алады. Отандық өнімді алғылары-ақ келеді. Бірақ бізде бұл өнідіріспен айналысатын қол жоқ. Одан қалды мамандар, жастар арасында ізбасардың жоғын айтады.

Сергей Ставицкий, етікші:

Біздің бір оқушымыз болған, есіңде ме Ваня? Сөзі әлі есімде. Сендер сияқты отырғанша, базарға барып ұрлық жасаймын дейді...

Міне, жұмыс жоқ деп қол қусырған адамға кәсіп. Ешқандай арнайы білімнің қажеті жоқ. «Адам жасағанды адам жасай алады». Өзің би, өзің қожа, «қысқартып тастар ма екен» деп бастықтың қабағын бақпайсың. Ал мына жиһаз жинау цехы кезінде шағын ғана бөлмеден басталған. Кәсіпорынның басшысы Айдос есімді жігіт. Негізгі мамандығы «халықарық қатынастар». Бірақ дипломат болуы тиіс жігіт, бүгін ағаш жонып, жиһаз жасауды кәсіп еткен.

Айдос Сәбитұлы, кәсіпкер:

Өмірде әр түрлі себептер болады ғой. Іспен айналысқым келіп, қолымнан келетін шаруа тындырғым келіп жиһаз жасау саласына кірісіп кетті.

Қазір Айдостың қарамағында он адам жұмыс істейді. Епті кәсіпкердің табысы жұмысшыларына 180 мыңға дейін ақы төлеуге мүмкіндік береді.

Айдос Сәбитұлы, кәсіпкер:

Енді үкіметтік орында, кабинеттің ішінде жұмыс істегеннен гөрі, өзіңнің жүгіргеніңе байланысты табасың. Кей айларда тіптен де артылып жатады ақшаң. Баспанаға жинауға, не болмаса туысқандарыңа, інілеріңе көмектесуге жарап жатады.

Ал келесі кейіпкеріміздің өмірлік жолы тіпті қызық. Қапар қиырдағы жоғары лауазымды тастап, атамекенде қарапайым шаштараз болуды ар көрмеді. Ол Қытайда партия қызметінде 15 жыл жұмыс істеп, бәсекесі мықты мемлекеттің кадрлық резервіне де іліккен. Бірақ атамекенге қаны тартқан жігіт ағасы, өзге елдің сұлтандығынан бас тартты.

Қапар Ахат, шаштараз:

Түркістанда қытай тілінен сабақ беретін мұғалім керек екен деп сонда бардым,бірақ мен барарда олар бүтін ставка деген, барғанда жарты ставка болы. Сондан соң айлығы да өте төмен екен. Жан бағу қиындап кетті. Алматыда да қытай тілінен сабақ беретін жұмыс болды, олардың барлығының айлығы өте төмен, 12 мың, 15 мың.Бұл 2002 жылдар ма, сондай кез.  Содан мен мемлекеттік қызмет істеуден түңілдім қысқасы.

Осылайша Қапарға тағы бір мамандық айырбастауға тура келді.

Қапар Ахат, шаштараз:

Сол Түрік-Қазақ университетінде мен жатқан бөлменің қарсы жағында шаштараз болы. Сол шаштаразға қарап отырмын, күнделікті қанша адам кіреді. Қарап отырсам шашатараздардың 2-3 күнде табатын табысы біздің мұғалімдердің табысынан көп екен де.

Cойтип  Қапар бір-ақ ай оқу курсынан өтіпті. Бастапқыда ауылды жерден шаштараз ашқан. Қазір Астананың үлкен сауда орталығында сән салоны бар.

Қапар Ахат, шаштараз:

Мен 4-5 жыл істегеннен кейін қолым аузыма жететін болды. Қазір Аллаға шүкір бір машинамыз бар, үй салып алдық, үй үлкен болмаса да, времянка, Алла бұйырса енді үлкен үй де саламыз 1-2 жылда.

Қапар қытайлықтардың мамандық таңдаудағы өресі бізге қарағанда әлдеқайда жоғары екендігін айтады. Оның бір себебі ол жақта бәсеке күшті. Халық біздегідей мұнайы тұнып тұрған мемлекетінің байлығына сеніп, бейқам жүрмейді дейді ол. Бүгінгідей дағдарыс дендеген күнде халықтың қиналып қалуының да себебі осы.

Қапар Ахат, шаштараз:

Докторханаларға ауырып барып қалсақ көбінде томографияға түсіріп жатқандар көбінде басқа ұлттың өкілдері, узиге түсіріп жатқандар басқа ұлттың өкілдері. Неге? Біздің қазақтар істей алмайма? Істей алады біздің қазақтар.+Батыл болу керек, адам істегенді адам істей алады.

Біз көрсеткен төрт кейіпкердің де табысы мемлекеттік қызметте жүрген маманнан әлдеқайда жоғары. Ал ең бастысы оларға бүгін «тұмауратқан» әлемдік экономиканың ықпалы аз. Қала-қалама табиғаттың құдіретімен шашың өседі, жүре-жүре аяқ киімің тозады, үйіңе шаршап жеткенде жатып тынығар тосек тағы керек. Бұл біз айтып тауса алмайтын мың кәсіптің үшеуі ғана. Ал «ұят қой, менің қолым емес» деу еріншектіктен өтіп барып, өренің таяздығына тіреледі.