Төртінші мұнай өңдеу зауыты Маңғыстау облысында салынады деп жоспарланып отыр. Қазір Иран және Қытай елімен келісім жасалған. Олар бұл жобаны іске асыруға мүдделі. Иран мұнай өндіретін ел болғанымен, жанармайдың жартысына жуығын импорттайды. Қазақстанда сұйық отынның дефициті екі миллион тоннаны құраса, оларда бұл көрсеткіш 5 есе көп. Иран халқының басым бөлігі елдің солтүстік аймағында тұрады. Мұнай өңдеу зауыттары күнгей жақта орналасқан, өнімді тасымалдау тиімсіз. Осыған байланысты Иран Қазақстанмен своп-операциясын іске асыруды ұсынды. Яғни Қазақстан Ақтау порты арқылы Иран портына мұнай шикізатын берсе, Иран өз кезегінде Қазақстанға елдің оңтүстік аймағында мұнайды импортты алмастыру коэффициентін қосып қайтармақ. Бұндай ерекше жүйені іске асыруға Қытай тарапы да ниет танытып отыр.
Рахымбек Әміржанов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:
Егер де бұл мұнай өңдеу зауыты салынса, онда біз өз мұнайымызды өңдеу, оның 1,5 миллион тоннасын өз нарығымызға жібереміз. Бір бөлігін Иран Ақтау порты арқылы өзіне алады. Ал Қытай мұнайды Иранның оңтүстігінде орналасқан зауыттардан сатып алмақ. Сонда бұл - мұнайлы үшбұрыш болмақ.
Маңғыстау облысында жобаның техникалық-экономикалық жүйесі жасалмақ. Ауқымды жоба шетел инвесторлары арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, сұйық отыннан өзге қосымша салық көздері мен жұмыс орындары пайда болады. Зауыттың қуаттылығы әзірге белгісіз. Қытай тарапы оның 6 млн тонна болуы керектігін алға тартып, жоба құнын 5 миллард долларға теңеген. Ал Ирандықтар өндіріс ошағын одан да ауқымды қылу қажет деп санайтын көрінеді. Сәйкесінше инвестиция көлемі де ұлғая түспек. Рахымбек Әміржановтың айтуынша, Қытай компаниялары су жаңа қондырғыларын әкеліп, Еуро 5 және Еуро 6 стандартына сәйкес мұнай өнімдерін шығармақ. Бұдан бөлек, бұл жоба Жезқазған-Бейнеу темір жол магистралінің тиімділігін арттыра түспек. Төртінші мұнай өңдеу зауыты шамамен 5 жылдан кейін салынып бітпек. Өндіріс ошағы не порт қасында, не кен орындарының маңында орналасуы мүмкін.
А.МҰХИТОВА